Қазақстан Трамптың Бейбітшілік кеңесіне ешқандай жарнасыз мүше болды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақорда Дональд Трамп ұсынған жаңа халықаралық ұйымға Қазақстанның кіру шарттарына қатысты ресми түсініктеме берді. Президент әкімшілігі кеңеске мүше болу үшін ешқандай қаржылық төлемнің міндетті еместігін жеткізді. Жарғы бойынша мүше болу не болмау әр елдің өз еркіндегі шешім.
Ұйымның жарғысында мүшелік мерзімі үш жыл деп көрсетілген. Құжатта 1 миллиард доллар көлеміндегі төлем туралы да тармақ бар. Дегенмен оны төлеу міндеттелмеген, тек ерікті түрде жүзеге асырылатын төлем.
Ондай жарнаны төлеген мемлекет мүшелігін негізгі мерзімнен әрі қарай созуға құқылы. Ақорда тарапы Қазақстанның ұйым жарғысына толық сәйкес әрекет еткенін атап өтті.
Bloomberg не дейді?
Түсініктеме шетелдік БАҚ-та тараған ақпарға жауап ретінде берілген тәрізді. Бұған дейін Bloomberg басылымы тұрақты мүшелікке өту үшін бірінші жылы 1 миллиард доллар жарна төлеу керектігін, төлемеген жағдайда мүшелік 3 жылмен шектелерін хабарлаған. Астана аталған талаптың міндетті емесін нақтылап отыр.
Тақырыптың ерекше талқылануына президент Тоқаев пен Дональд Трамптың арасындағы қысқа диалог себеп болғандай. Президент Тоқаев Дөкеңнің атышулы «365 күндегі 365 жеңіс» құжатында Қазақстанның Авраам келісіміне қосылуын өз жетістігі етіп көрсеткеніне назар аударған еді.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, Тоқаев Трамптың ішкі саясаттағы ұстанымын жоғары бағалаған.
Ақ үй басшысы өз кезегінде Астананың жаңа ұйымға екі сөзге келмей қосылып, қолдағанына алғысын жеткізген еді.
Айтқандай, Трамп әлгі ұйымға Кремль көсемін де шақырып отыр. Путин кеңеске қосылуға асығар емес. Бізге жеткен мәлімет бойынша Мәскеу алдымен Астанамен ақылдасып, Тоқаевтың пікірін білуге тырысады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

