Қазақстанда вице-президенттің билік шекарасы айқындалды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президенттің құқықтық мәселелер бойынша көмекшісі Ержан Жиенбаев Ата заңға енгізілетін жаңа өзгерістерді жариялады. Айтуынша, вице-президентті Президент тағайындайды, бірақ бір нюанс бар. Шешімді Құрылтай депутаттарының басым көпшілігі қолдауы тиіс.
Ал оны қызметтен босату Президенттің жеке құзырында болады.
Ержан Жиенбаев вице-президенттің негізгі міндеті туралы да нақты ұсыныстарды ортаға салды.
Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан сөйлей алады. Сонымен қатар, Президентті Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен байланыста өкілдік етеді.
Одан бөлек, вице-президент Президент атынан ел ішіндегі және шетелдегі қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағарту ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды. Өзге де өкілеті Мемлекет басшысының жарлығымен толығып, реттелмек.
Ата заңға вице-президент институтының енгізілуіне байланысты Мемлекеттік кеңесші лауазымы алынып тасталады.
Сондай-ақ Конституция деңгейінде вице-президентке қатысты талаптар да белгіленбек. Вице-президент депутат бола алмайды, басқа да ақысы төленетін қызметті атқаруына және кәсіпкерлікпен айналысуына тыйым салынады. Қызмет еткен кезеңінде саяси партия мүшесі болмауы тиіс.
Айта кетелік, Астанада Ерлан Қарин бастаған Конститутциялық реформа комиссиясының алғашқы отырысы өтіп жатыр.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтің пікірінше билік вице-президент лауазымын қайта тірілтуі тегін емес. «Ол ма, ол Тоқаевтың Парламенттегі көз мен құлағы міндетін атқаратын болады», — дейді сарапшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

