Ерлан Қарин бір палаталы Құрылтайдың құзыреті туралы маңызды ұсыныстарды ортаға салды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, жұмыс тобы жаңа парламенттік модельде заң жобаларын үш оқылымда талқылауды ұсынып отыр. Алғашқы екі оқылымда заңның мазмұны талқыланса, үшінші оқылымда құжаттың заңнамалық және құқықтық тұрғыдан дұрыстығы пысықталмақ.
Жұмыс тобы парламент жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне де қамтыған екен.
Парламент демалыста болған жағдайда, заң шығару функциясын уақытша президентке жүктеу ұсынылды.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының бұған дейін айтқан «президенттік квота» болмайтыны туралы мәлімдемесін еске салды. Дегенмен партиялық тізімде әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған квота сақталады. Бұлар конституциялық заң нормасымен реттеледі.
Сонымен қатар…
Қазіргі Конституцияның президент қызметін реттейтін 47-бабындағы ережелер жаңа Құрылтай моделіне де бейімделіп, күшінде қалуы тиіс деген шешім қабылданды.
Осылайша, бір палаталы парламентке көшу жағдайында билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік сақталады.
Ерлан Қарин жаңа модельде Құрылтайдың рөлін күшейту үшін Конституциялық сот, Жоғарғы аудиторлық палата және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін тек Құрылтай келісімімен тағайындауды ұсынды. Бұдан бөлек, Президенттің бастамасымен Жоғарғы сот судьяларын сайлау құқығын Құрылтайға беру мәселесі көтерілді.
«Бұл Құрылтайды конституциялық органдарды жасақтауға қатысатын беделді институт ретінде қалыптастырып, ұлттық парламентаризмді дамытудағы маңызды қадам болады», – деді Қарин.
Жұмыс тобы бұған дейін Сенаттың құзыретінде болған кейбір өкілеттіктерді Құрылтайға беру жөнінде шешім қабылдаған екен.
Қариннің пікірінше, бұл «күшті президент — ықпалды парламент — есеп беретін үкімет» қағидасына толық сәйкес келеді.
Айта кетелік, Астанада Ерлан Қарин бастаған Конститутциялық реформа комиссиясының алғашқы отырысы өтіп жатыр. Осыған дейін жиында сөз алған Тоқаевтың көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президенттің мисссиясына егжей-тегжейлі тоқталған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

