Президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатса, билік алдымен вице-президентке өтеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында президенттің құқықтық мәселелер бойынша көмекшісі Ержан Жиенбаев осындай ұсыныс жасады.
Оның айтуынша, мемлекет басшысы қызметінен ерте кеткен жағдайда президенттік міндетті бірінші болып вице-президент атқарады.
Егер әлдебір себеппен вице-президент те міндетті атқаруға қабілетсіз болса, бұл жауапкершілік Құрылтай төрағасына, одан кейінгі кезекте премьер-министрге өтеді.
Қазіргі Конституцияның 48-бабына сәйкес, президент қызметінен мерзімінен бұрын босаса, міндет Сенат төрағасына жүктеледі. Сенат төрағасы президент міндетін атқара алмаған жағдайда, өкілеттік Мәжіліс төрағасына, одан кейін премьер-министрге өтетіні жазылған. Жаңа өзгерістер бойынша осы тәртіптің орнына вице-президент пен Құрылтай төрағасының атауы ұсынылып отыр.
Түнеукүні Ұлттық құрылтай отырысында президент Тоқаев елде вице-президент лауазымын қайта енгізуді ұсынған еді. Бұл қызмет Қазақстанда бұдан 30 жыл бұрын қысқартылған болатын.
Ұсынылған тәртіп бойынша, вице-президент президенттің тапсырмасымен Қазақстанның мүддесін халықаралық форумдар мен шетелдік делегациялармен кездесулерде таныстырады.
Сонымен қатар Құрылтаймен байланыста президенттің атынан сөйлейді, отандық және халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатады. Басқа да міндеттер президенттің жеке тапсырмасымен анықталады.
Вице-президент саяси партияға мүше болмауы тиіс. Оған бизнес жүргізуге немесе басқа қызметтерді қатар атқаруға тыйым салынады. Вице-президентті президент тағайындайды, бірақ бұл үшін Құрылтай депутаттарының басым бөлігі қолдау білдіруі қажет. Ал оны қызметтен босату президенттің жеке құқығына жатады.
Айта кетелік, Конституциялық реформа комиссиясының алғашқы отырысында мемкеңесші Ерлан Қарин сөз алып, Құрылтайдың беделін көтерудің тың тәсілін ұсынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

