Қазақстанда ғылымның негізгі принциптері Конституция деңгейінде айқындалмағандықтан, ғылыми сала тұрақсыз күйде қалып отыр.
Мұндай пікірді Астанада өткен Конституциялық комиссияның алғашқы отырысында Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев айтты деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, бүгінгі Қазақстан үшін басты бағыттардың бірі ғылым мен инновацияға негізделген экономика құру. Заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы елдің бәсекеге қабілеті ғана емес, геоэкономикалық және геосаяси беделі де артады.
«Ғылым күн өткен сайын кез келген қоғамның маңызды өндірістік күшіне айналып отыр. Экономиканы ғылымсыз дамыту мүмкін емес.
Өкінішке қарай, қазір ғылым тек сала заңдарымен реттеледі де, Конституцияда оның негізгі ұстанымдары нақты көрсетілмеген.
Соның салдарынан ғылыми сала мемлекеттік саясатқа тәуелді болып, тұрақты дамуға қажетті күш-қуатынан айырылып отыр», – дейді сарапшы.
Жақсыбек Күлекеев ғылым мен инновацияны Конституция деңгейінде бекіту ғылыми жобалардың тұрақты қаржылануына құқықтық негіз қалыптастырып, зерттеу орталықтары, университеттер мен технологиялық компаниялардың жүйелі дамуына жол ашады деген пікірде.
Оның айтуынша, ғылымның мәртебесін Конституциямен бекіту әлемдік тәжірибеде бар. Ғылым мен инновацияны дамыту арқылы Германия, Жапония және Оңтүстік Корея экономикалық табысқа жеткен. Ал Финляндия, Испания, Португалия секілді елдер ғылыми дербестік пен академиялық еркіндікті Конституциямен қорғайды.
Сарапшының пікірінше, елдің болашағы азаматтарының интеллектуалды әлеуеті мен технологиялық жетістіктеріне тікелей байланысты.
«Өз ғылыми-технологиялық базамызды қалыптастыру – ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі. Ол экономиканың тұрақтылығын және инфрақұрылымның сенімділігін арттырады.
Ғылымды Конституцияда бекіту арқылы Қазақстанның халықаралық беделі де нығаяды. Бұл елдің инновация мен прогреске бет бұрғанын көрсетіп, инвестиция тартуға ықпал етеді.
Ғылымды жоғары деңгейде дамыту еліміздің әлем алдындағы абыройын арттырып, әлеуметтік, экономикалық және технологиялық тұрақтылыққа берік негіз қалайды», – деді ол.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

