Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесіне ерекше тоқталды деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, цифрлық дәуірде азаматтардың құқығын нақты әрі тиімді қорғаудың жолын қарастыру қажет.
Соңғы он жылда көше қылмыстары тоғыз есе азайғанымен, мүліктік алаяқтық қылмыстар енді интернетке ауысқан.
«Жуырда ғана Ақмола облысында 25 адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Олар 348 азаматтың жеке мәліметтерін ұрлап, аттарынан жалпы сомасы 4 млрд теңгеге жуық несие рәсімдеген. Әлгі адамдар банктерге бармаған, ешқандай құжатқа қол қоймаған, бірақ үлкен қарыздың астында қалды. Қазір біз екі әлемде өмір сүріп отырмыз: шынайы өмірде және цифрлық кеңістікте. Бірақ цифрлық әлемнің қауіп-қатерін әлі толық сезінбей жүрміз», – дейді Жақып Асанов.
Оның айтуынша, бүгінде жеке өмірдің қорғалуы тек құжат немесе көшедегі қауіпсіздікпен шектелмейді.
Смартфон мен интернетке байланған қоғамда азаматтардың жеке деректері алаяқтардың қолына оңай түсіп, түрлі заңсыз әрекеттердің нысанына айналуда.
«Бүгінгі басты мәселе цифрлық кеңістікте азаматтарымызды қалай қорғаймыз? Интернет алаяқтарынан қалай сақтаймыз? Конституцияда жеке өмірдің құпиялылығы туралы 18-бап бар. Бірақ ол қабылданған кезде цифрлық әлем дәл қазіргідей дамымаған еді.
Біз интернетке бүгінгідей тәуелді емес едік, деректеріміз бен ақшамызды қағаз күйінде қалтамызда ұстадық. Қазір өміріміздің басым бөлігі онлайн өтеді. Телефон өміріміздің бір бөлшегіне айналды, бірақ дәл сол кеңістікте біз ең әлсізбіз.
Үйде де, көшеде де заң қорғайды, ал смартфон ішінде ондай қорғау жоқ. Жеке деректер қолдан-қолға көшіп, азаматтар алаяқтардың жемтігіне айналып жатыр. Әр азамат қай жерде болса да – көшеде немесе ғаламторда, өзін қауіпсіз сезінуі тиіс. Мұны қамтамасыз ету – мемлекеттің тікелей міндеті», – деді Сенат төрағасының орынбасары.
Жақып Асанов конституциялық реформалар аясында жеке деректерді қорғау мәселесін бөлек әрі жан-жақты қарастыру керектігін атап өтті.
Айта кетелік, Астанада Конституциялық реформа комиссиясының алғашқы отырысы өтті. Осыған дейін жиында сөз алған Тоқаевтың көмекшісі Ержан Жиенбаев вице-президенттің мисссиясына егжей-тегжейлі тоқталған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

