Мемтапсырыс алған жекеменшік мектептер наурыз айынан бастап жан-жақты тексеріледі. Оқу-ағарту министрі науқанның негізгі бағытына егжей-тегжейлі тоқталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік тапсырысқа мораторий енгізілгенмен, заң талаптарын толық орындайтын жекеменшік мектептердің жұмысына еш кедергі келмейді.
«Қазірдің өзінде маған беделді әрі шағын, бутик түріндегі жекеменшік мектептер хабарласып жатыр. Егер мектеп заңнаманың барлық талабына сай келсе, ғимараттары білім беру мақсатында болса, жұмысын әрі қарай жалғастыра береді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Қазіргі таңда елімізде ресми тіркелген 880 жекеменшік мектеп бар. Оның 785-і цифрланып, мемтапсырыс алған. Цифрлану дегеніміз мектептің қағаз-құжаты талапқа сай және жұмыс істеуге толық құқы бар екенін білдіреді.
Наурыздан бастап…
Дәл осы мектептерді жергілікті атқарушы органдар прокуратурамен бірлесіп, лицензиядан кейінгі бақылаудан өткізеді.
Негізгі 3 бағытқа ерекше мән беріледі: білім сапасы, білікті ұстаздармен қамтылу деңгейі және балалар қауіпсіздігі.
«Біз жекеменшік мектептегі білім сапасына, штаттың толық болуына көңіл бөлеміз. Бұған дейін кадр тапшылығы жиі байқалған еді. Сонымен қатар, оқыту сапасы мен білім стандартының орындалуын тексереміз, себебі мұнда да бірқатар заң бұзушылық анықталған», – деп толықтырды Сүлейменова.
Моншаны мектепке айналдырғандар
Айтуынша, кейбір мектептер монша, қойма секілді орындарда ашылып, 10 жылдан астам жұмыс істеп келген, соңғы 5 жыл бойы мемлекеттік тапсырыс алған. Енді осы секілді заңсыздық жойылады.
«Үш негізгі талапқа сай келген мектептер лицензиясын сақтап қалады, ал тексерістен өтпеген мектептерге қатысты құзыретті органдар тиісті шара қолданады», – деп атап өтті министр.
Алдағы жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тапсырысты жергілікті әкімдіктер реттейді. Әкімдіктер бірінші кезекте мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығын назарда ұстайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін вице-премьер Аида Балаева жүргізген аудит барысында жекеменшік мектептердің бюджет қаржысын жымқырғаны анықталған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

