Қазақстанның салық саясаты ірі бизнестің мүддесіне жұмыс істеп, шағын және орта кәсіпкерлікті (ШОК) шеттетіп отыр деген пікір қоғамда жиі көтеріледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бюджет түсімдерінің құрылымы мен нақты фискалдық шешімдердің сараптамасы басқа көріністі көрсетеді. Соңғы жылдары мемлекет салық жүктемесін біртіндеп ірі бизнеске, әсіресе экспортқа бағдарланған шикізат секторына бағыттап отыр.
Фискалдық тәртіптің күшеюі
Қазақстанда ШОК негізінен сауда және ауыл шаруашылығы салаларында шоғырланса, ірі бизнес өнеркәсіп, кен өндіру және өңдеу салаларында басымдыққа ие. Осы секторлар бюджет кірісінің негізгі бөлігін қалыптастырып, сонымен қатар ең қатал салықтық реттеуге ұшырайды.
Статистикаға сәйкес, ірі компаниялар мемлекеттік бюджетке негізгі донор болып қала беруде. Егер 2019 жылы ірі бизнестің салық түсіміндегі үлесі 79%-ды құраса, 2024 жылы 69,6%-ға дейін төмендегенімен, түсімнің басым бөлігін солар қамтамасыз етіп отыр.
ШОК үлесі осы кезеңде керісінше 21%-дан 30,4%-ға артты. Абсолютті көрсеткіш бойынша, ШОК-тен түсетін салықтық түсім 2019 жылғы 2,3 трлн теңгеден 2024 жылы 6,7 трлн теңгеге дейін өсті. Шағын бизнес түсімі 1,05 трлн теңгеден 3,62 трлн теңгеге дейін, ал орта бизнесте 1,28 трлн-нан 3,08 трлн теңгеге дейін артқан. Мұндай динамика шағын және орта бизнестегі салық ауыртпалығының емес, сектордағы экономикалық белсенділіктің артуы мен ашықтықтың өскенін көрсетеді.
Бұл жерде ірі бизнестің, әсіресе табиғи ресурстарды өндіретін компаниялардың салық жүктемесі жоғары екенін түсіну маңызды. Жалпыға ортақ салықтардан бөлек, олар жазылым бонусы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС), роялти, үстеме пайда салығы секілді арнайы фискалдық төлемдерді де төлейді. Мемлекет осындай құралдар арқылы табиғи ресурстардан түсетін пайданы қоғам пайдасына қайта бөлуді мақсат еткен.
Мысал ретінде ПҚӨС-ні атауға болады. 2023 жылдан бастап металл биржасындағы бағалы кен түрлеріне ПҚӨС ставкасы 50%-ға, биржалық емес түрлеріне 30%-ға көтерілді. Бұл шешім әлемдік нарықтағы металдар бағасының құлдырауымен тұспа-тұс келді. 2023 жылы экспортталатын металдар бағасы орташа есеппен 11,3%-ға төмендеді (алюминий – 16,8%, мырыш – 24%, мыс – 3,8%).
Соған қарамастан, ПҚӨС бойынша бюджет түсімі 2022 жылғы 548,2 млрд теңгеден 2023 жылы 715,5 млрд теңгеге (өсім 30,5%), 2024 жылы 925,3 млрд теңгеге, 2025 жылы 1 143,4 млрд теңгеге дейін артты. Бұл өсім сыртқы баға конъюнктурасына емес, ірі бизнеске салынған салық жүктемесінің ұлғаюына байланысты екені анық көрінеді.
Жаңа Салық кодексі бұл логиканы институционалды түрде бекітіп отыр. Мысалы, уран өндіруге салынатын ПҚӨС 2025 жылы 6%-дан 9%-ға арттырылып, 2026 жылдан бастап өндіріс көлемі мен әлемдік бағаны ескеретін дифференциалды шкала енгізіледі. Алтын мен күміске де осындай принцип қолданылады. Яғни, нарықтық баға өскен сайын, бюджетке түсетін салық мөлшері де жоғарылайды.
Экспорттық мұнай бажына қатысты да ұқсас тәсіл енгізілді. 2023 жылғы тамыздан бастап жаңа есептеу әдістемесі іске қосылды. Егер мұнай бағасы барреліне 25 АҚШ долларынан төмен болса, экспорттық баж нөлге тең. Бірақ баға өскен сайын баж салығы да артып, әр тонна үшін жоғарғы шек 236 долларға дейін барады. Бұл мемлекетке баға жоғары кезде экспорттық табыстың анағұрлым үлкен үлесін алуға мүмкіндік береді.
Салық ауыртпалығы қайта бөлінді
Жаңа кодексте банктер мен ойын бизнесінің корпоративтік табыс салығы да 20%-дан 25%-ға көтерілді. 2025 жылдың қорытындысында осы салық бойынша түсім 6 322,6 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 24,1%-ға артты. Бұл өсімнің негізгі бөлігі ірі бизнестің есебінен қамтамасыз етілді.
ШОК-қа қатысты өзгерістердің сипаты мүлде басқа. Сектордағы түсімнің ұлғаюы экономикалық белсенділіктің өсуімен және көлеңкелі айналымның қысқаруымен байланысты. Көлеңкелі экономика 2019 жылы ЖІӨ-нің 23,69%-ын құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 16,71%-ға төмендеген.
ШОК субъектілерінен сатып алынған тауар мен қызмет құнын ірі бизнестің шығысына қоспау туралы ереже енгізілді. Бұл ереже шағын және орта бизнеске емес, керісінше құрылыс секілді салаларда бизнесті жасанды түрде бөлшектеп, салықтан жалтаратын ірі компанияларға бағытталған. 2026 жылдың алғашқы айларында-ақ бұл шара өз тиімділігін көрсетті.
Ал адал жұмыс істейтін ШОК үшін жаңа кодекс жағдайды жеңілдетеді. Өздігінен жұмыспен қамтылған азаматтар салық тіркеуінен босатылып, бюджетке тек әлеуметтік төлемдер ғана жасайды. Жеңілдетілген декларация бойынша шекті табыс 2,6 млрд теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ, қызметкерлер санына және ҚҚС бойынша тіркеуге тұру міндеті алынып тасталды.
Осылайша, ірі және шағын бизнес арасындағы қайшылық туралы пікір қарабайыр түсінік болып табылады. Қазақстанның нақты салық моделі үш қағидаға негізделеді: жоғары табысты кезеңде ірі бизнеске жүктемені күшейту, ШОК-ты қолдау және экспорттық табысты қоғам игілігіне әділ бөлу. Осындай саясат экономиканың орнықты дамуы мен әділеттілікті қамтамасыз етеді.
Биылдан бастап банктер жеке тұлғалардың мобильді аударымдары туралы ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) тоқсан сайын тапсырып отырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

