Татарстандағы арнайы экономикалық аймақ Орта Азия мен Латын Америкасынан келген қыздарды жалдап, дрон құрастыруда деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сurrenttime дерегінше «Алабұға» экономикалық аймағында соғысқа ауадай қажет дрондар жиналып жатыр. Кәсіпорын жұмыс күшінен тапшылық тартқасын Африкадан қыз-келіншектерді шақырған, кейін Латын Әмерикасына ойысқан, енді Орта Азияға бет бұрыпты.
«Ресми деректе «сервис және тамақтану саласында жұмысқа қабылдаймыз» делінгенімен, іс жүзінде «Алабұға старт» жобасының қатысушылары Иранның Shahed-136 кәмикадзе-дрондарын құрап жатыр. Қыздар өте-мөте ауыр жағдайда еңбек етеді. Қауіпті химиялық заттармен ешбір қорғаныс құралынсыз жұмыс істейді. Кейбіреуінің төлқұжатын тәркілеп, ел қайтуға мүмкіндік бермеуде», — дейді осы тұста Демократияны қорғау қоры.
Қордың айтуынша, «Алабұға» экономика аймағы «вербовкімен» айналысып отыр. Кәсіпорынға қарасты «Алабұға пәлитех» колледжі дрон құрайтын мамандарды асығыс-үсігіс әзірлеу үстінде. Өткен жылы 6 мыңға жуық Shahed дрондары жиналған екен.
Мұны Киев те сезген. Былтыр арнайы аймаққа басып кірген украин дрондары кәсіпорын жұмысын тежеуге тырысқан болатын.
Ең сорақысы…
Жобаға соңғы уақытта Қазақстаннан жастары тартыла бастаған. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Алабұға Старт ТМД» телеграм арнасы «вербовкілеуімен» ашық айналысуға кіріскен.
«Былтыр жазда Астана мектептерінде 14 жастан бастап «Алабұға Пәлитех» колледжіне шақыратын жарнамалық парақшалар таратылған», — дейді осы тұста Сurrenttime.
Ұран ретінде «Сен Ресейге керексің!», «Жауға қарсы ұшқышсыз аппарат құрастыру керемет!» деген сөздер жазылған. Жарнамада әскери дрондардың суреті де берілген.
«Алабұға» қалай арбайды?
Қазақстандық PR маман Дәрия Бублик осы тұста өзіне «Алабұға» өкілдерінің хабарласып, 16 мен 22 жас аралығындағы қазақстандық қыздарды жұмысқа тарту үшін қаржылай ұсыныс жасағанын жазған еді.
«Жұмысқа тұрған әрбір қазақстандық үшін ақша ұсынды. Үзілді-кесілді бас тарттым. Олар ас үй мен сервис саласында жақсы жалақы ұсынамыз деп алдайды. Жастарға мансаптық өсу жайлы әдемі уәде береді. Алайда іс жүзінде соғысқа қажетті дрондар жинауға мәжбүрлейтіні айтылып жүр», – деп жазған-тұғын Бублик.
Айтуынша, Татарстандағы зауытта қазірдің өзінде Қазақстан мен Қырғызстаннан барған жастар аз емес. Халықаралық сарапшылар «Алабұғадан» төнген қауіпті сезіп, арнайы аймаққа АҚШ пен Батыстың назарын аударуға тырысуда.
Бұған дейін танымал сарапшы Қазақстан нарығын ресей рублі басып қалды деп, дабыл қаққан.
«Сауда операциялары арқылы сыртқа доллар шығып, оның орнына ел ішінде рубль қалып жатыр», — дейді Марат Әбдірахманов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

