Әлем назары Иранға ауып тұр. Аятолла бастаған парсы билігі келіссөзге бейілді екенін байқатса да, жағдайдың түпкілікті шешілгеніне сену әлі ерте.
«Трамп? Келіссөз тығырыққа тірелсе, Дөкең күш қолданудан тайынбайды», — дейді осы орайда АҚШ-та тұратын қазақ кәсіпкері, Республикалық партия мүшесі Тимур Сейтмұратов. Ertenmedia.kz сарапшының пікірін оқырман назарына ұсынады.
«Иранда не болып жатыр? Әмірика әскері әзір Иранның айналасына түгел дерлік жайғасып үлгерді. Бұл ма, бұл нақты ескерту. Тегеран келіссөзден бас тартса, Уашиңтон соққы жасауға толық әзір. Дипломатияның соңғы мүмкіндігі үзілуге шақ тұр», – деп пайымдайды сарапшы.
Гренландия мәселесі осы шиеленістің тасасында қалып қойған жайы бар. Алайда бұл да АҚШ-тың Бейжіңге қарсы ауқымды стратегиясының маңызды бөлігі екенін еске салады Сейтмұратов.
Сарапшының айтуынша, бір-бірінен алшақ жатқан Гренландия мен Панама, сондай-ақ Венесуела Әмірика үшін Қытай ықпалын шектеудің үш маңызды нүктесі.
«Уашиңтон сыртқы және ішкі саясаттағы бүкіл күш-қуатын Қытаймен қақтығысқа дайындап, жұмылдырып жатыр. Бейжің басшысы соңғы кездері Тайванға басып кіруді құптамайтын әскери генералдардың көзін құртуға кірісіп кетті. Түнеукүні тоғыз ықпалды генерал партиядан шығарылды, жақында тағы екі генерал тұтқындалды. Бұл ма, бұл Қытайдың соғысқа толық әзір екенін көрсетеді», – деп санайды Тимур Сейтмұратов.
Трамптың түпкі жоспары
Осыған жауап ретінде Трамп Латын Әмірикасындағы Қытай ықпалын әлсіретуге күш салуда. Күні кеше Панама билігі Қытай компаниясынан Панама каналындағы екі маңызды портты басқару лицензиясын тартып алған.
«Президент Трамп Панама каналын талайдан бері Бейжің ықпалынан құтқаруға үндеп жүр еді. АҚШ-тың әскери және сауда флоты үшін әлгі канал өте-мөте маңызды мәнге ие. Ақырында, осы мақсат орындалды. Мемхатшы Марко Рубионың белсенді жұмысы нәтиже беруде», – дейді сарапшы.
Гренландия да Ақ үйдің алған бетінен қайтпасына көзі жетсе керек. Сейітмұратовтың пікірінше, Дания АҚШ-тың аралдағы әскери әрі экономикалық ықпалын күшейту жөніндегі ұсынысын қабылдаған.
«Әмірикалықтар осы мәселені күш қолданбай-ақ, тек ақпараттық қысым арқылы шешіп отыр. Бір ай бойы Уашиңтон әлем жұртшылығын «Гренландияны күшпен басып алуы мүмкін» деп үрейлендірген еді. Алайда мұның бәрі келіссөзді жылдамдату үшін жасалған қадам болатын», – дейді Тимур Сейтмұратов.
Осылайша…
АҚШ енді аралдың пайдалы қазбаларын игеруге, әскери және сауда базаларын салуға, инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, Панамадағыдай, Гренландияда да Қытай компанияларының қызметіне толық тыйым салынбақ. Бұған Каракасты және қосыңыз.
«Осының бәрі шебер жүргізілген ақпараттық-психологиялық операцияның нәтижесі. АҚШ енді жылдам, нақты, әрі өте қатал қимылдауға мәжбүр. Бейжіңнің бірінші болып күтпеген жерден жойқын шабуыл жасауына жол бермеу керек. Әмерика үшін тағы бір Перл-Харбор қайталанса, кешірілмес қателік болмақ», – дейді сарапшы.
Айта кетелік, бұған дейін Доналд Трамп президент Тоқаев өте маңызды шараға құрметті қонақ ретінде шақырған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

