Қазақстанда еш жерде ресми жұмыс істемеген азаматтар зейнет жасында мүлдем қаражатсыз қалмайды. Олар мемлекеттік базалық зейнетақыға сенім арта алады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Еліміздегі зейнетақы жүйесі бірнеше деңгейден тұрады. Соның ішінде мемлекеттік базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтіліне қарай анықталады. Алайда өмір бойы ресми жұмыс істемеген, еңбек өтілі жоқ азаматтар да осы төлемнен құр қалмайды.
Әлеуметтік кодекстің 206-бабына сәйкес, егер азаматтың еңбек өтілі 10 жылға жетпесе немесе мүлде болмаса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің белгілі бір пайыздық үлесі есебінен төленеді.
Мысалы, 2024 жылы базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65 пайызы болса, 2025 жылы 70 пайызға дейін көтерілді.
Бұл орайда еңбек өтілі ретінде тек ресми жұмыс кезеңдері ғана емес, сондай-ақ үй шаруасында болған ананың немесе әкенің үш жасқа дейінгі балаларды бағып-күткен мерзімі (жалпы 12 жылдан аспайтын аралық), 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы, бірінші топтағы мүгедекті, көмекке мұқтаж жалғызбасты екінші топтағы мүгедекті және 80-нен асқан қарияны бағып-күту кезеңдері де есепке алынады.
Сонымен қатар…
Әскери қызмет мерзімі, төтенше жағдай кезінде қызметі шектелген азаматтарға төленген әлеуметтік төлем уақыты да еңбек өтіліне енгізіледі.
Жас кезінде еңбек етпегенімен, отбасына, балаларына өмірін арнаған азаматша зейнет жасына жеткенде осы құжаттарды растап, зейнетақы мөлшерін көбейте алады.
Ал жасына байланысты зейнетақыны тағайындау кезінде жоғарыда аталған кезеңдермен қатар, мамандық бойынша білім алған уақыт та ескеріледі. Дегенмен бұл төлемнің мөлшері азаматтың ресми жалақысының көлеміне және одан ұсталатын міндетті зейнетақы жарнасына тікелей тәуелді. Яғни ешқашан ресми табысы болмаған адамның жасына байланысты зейнетақы алуға мүмкіндігі жоқ.
Егер аз да болса 1998 жылға дейінгі және одан кейінгі ресми еңбек өтілі бар болса, азамат жасына байланысты төлемге үміткер бола алады.
Еш жерде ресми жұмыс істемеген адамның міндетті зейнетақы жарнасы да жинақталмағандықтан, ол тек ерікті түрде жасаған жинағы болса ғана сол жинақ есебінен зейнетақы ала алады. Мұндай жағдайда тіпті белгіленген зейнет жасына жетпей-ақ, жинақты пайдалануға мүмкіндік бар.
Осылайша, Қазақстанда өмір бойы еңбек етпеген адам ең төменгі күнкөріс деңгейіне тәуелді базалық зейнетақы ала алады. Оның мөлшері сол жылдың белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейімен анықталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

