АҚШ Конгресі Украинаға қару-жарақ пен қаржылық қолдау берудің жаңа тетігі талқыланып жатыр. Соғыс созылған сайын «егер тегін көмекке саяси қарсылық көбейсе, ең болмаса ленд-лиз форматына қайта оралу керек» деген ұстаным күшейе түскендей. Осы ретте ленд-лиздің тарихы мен логикасы еріксіз еске түседі. Франклин Рузвельт кезінде АҚШ Ұлыбританияға тікелей қаржы бөлу қиынға соққанда, қару-жарақ пен материалды қарызға немесе жалға беру схемасын іске қосқан болатын, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазіргі жағдайда Украинаға қатысты бастама Өкілдер палатасында спикер Майк Джонсон бастаған республикалық басшылықты айналып өту арқылы қозғала бастады. АҚШ заң шығарушылары арнайы процедураны пайдаланып, Украинаға көмек туралы заң жобасын дауысқа шығаруға қажетті 218 қол жинаған. Мұндай тәсіл партиялық басшылық құжатты күн тәртібіне шығарғысы келмеген кезде қолданылады.
Заң жобасын демократ Грегори Микс ұсынған. Құжат Украинаға 1 млрд доллардан астам қауіпсіздік көмегін және шамамен 8 млрд доллар көлемінде кредиттік қолдау беруді көздейді. Сонымен қатар Ресейге қарсы санкцияны күшейту және АҚШ қару қорын толықтыру мәселесі де қамтылған.
Бұл жерде ең маңызды саяси деталь – демократтардың жалғыз өзі мұндай бастаманы өткізе алмайтыны. Украинаға көмек мәселесінде республикашылдардың кемінде бір бөлігі қолдау көрсетпесе, Конгресте нақты нәтиже шығару қиын. Сондықтан қазір басты назар Майк Джонсон маңындағы республикашылдарға емес, Украинаға көмекті АҚШ-тың стратегиялық мүддесі деп қарайтын орталықшыл конгрессмендерге ауып отыр.
АҚШ баспасөзінің мәліметінше, бастаманы дауысқа шығаруға қажетті қолдың жиналуына республикашылдар мен тәуелсіз депутаттардың қолдауы әсер еткен. Бұл Дональд Трамптың екінші мерзімі кезіндегі Украинаға қатысты алғашқы ірі проукраиналық заңнамалық қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр. Бірақ заң жобасының Сенаттағы тағдыры әзірге белгісіз, ал Ақ үйдің ұстанымы да шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Украинаға қару беру форматы өзгеріп жатыр
Ленд-лиз идеясының қайта айтылуы да кездейсоқ емес. Бұрын Украинаға көмек көбіне грант, тікелей әскери пакет және бюджет қаражаты арқылы беріліп келді. Қазір АҚШ ішіндегі саяси шаршау күшейген сайын, «тегін бермесеңдер, қарызға беріңдер» деген прагматикалық формула алға шығып отыр. Бұл Украинаға қажет қаруды тоқтатпауға, ал АҚШ саясаткерлеріне өз сайлаушысына «ақша босқа шашылып жатқан жоқ» деп түсіндіруге мүмкіндік береді.
Дегенмен мәселе тек қаржы форматында емес. Украинаға көмек беру Вашингтонның Ресейге қатысты стратегиялық ұстанымын көрсетеді. Егер Конгресс жаңа пакетті өткізсе, бұл Киевке әскери тұрғыдан ғана емес, саяси жағынан да үлкен сигнал болады. Ал егер процесс тағы созылса, Мәскеу оны Батыстың шаршауы ретінде көрсетуге тырысады.
Қазір АҚШ саясатында Украина мәселесі екі қабат қысымның ортасында тұр. Бір жағынан, Ресейге қарсы қатаң санкция мен әскери қолдауды жалғастыруды талап ететін топ бар. Екінші жағынан, Трамп әкімшілігі Еуропа көбірек қаржылық жауапкершілік алуы керек деген ұстанымды күшейтіп отыр. Осы аралықта ленд-лиз секілді аралық формат Вашингтон үшін саяси компромисс құралына айналуы мүмкін.
Украина үшін ең маңыздысы – көмектің атауы емес, оның үздіксіздігі. Соғыс жағдайында қару-жарақ, оқ-дәрі, әуе қорғанысы, дронға қарсы жүйе және экономикалық қолдау уақытында жетпесе, майдандағы артықшылық тез жоғалады. Сондықтан Конгрестегі қазіргі қозғалыс Киев үшін жай процедуралық жаңалық емес, алдағы айлардағы соғыс динамикасына әсер етуі мүмкін шешім.
Соңғы уақыттары Кремльдің соғыстан шығу жолын іздеп жатқаны, оны қоғамға қалай түсіндіру керектігі туралы түрлі болжам айтыла бастады. Бірулер Путинге қарсы астыртын жоспар туралы айтса, енді бір жерде Сергей Кириенко мен күштік құрылымдар арасындағы ішкі тартысты сөз ете бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







