Медицина қызметкерлері электронды құжаттарға цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қою мәселесіне қатысты Денсаулық сақтау министрі түсініктеме берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, медицина қызметкерлеріне ЭЦҚ қолдану талабы жаңадан енгізілмеген. Ол министрліктің нормативтік-құқықтық актілерінде 2021 жылдан бері қарастырылып, кейбір жағдайларда қолданылып келген.
«ЭЦҚ-ны медицина құжаттарында міндетті түрде қолдану медициналық жазбалардың шынайылығын арттырып, дәрігер мен пациент құқығын қорғауға, қызметтің нақты көрсетілгенін растауға және жалған жазбалардың алдын алуға бағытталған», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр қазіргі қолданыстағы ЭЦҚ-ны растау тәртібінің дәрігерлерге ыңғайсыз екенін, себебі әр әрекет сайын қолтаңба сұрайтынын атап өтті.
«Қазір біз ЭЦҚ-ны қолдануды жеңілдететін жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Медицина қызметкерлерінің жұмыс жүктемесі өте жоғары екені белгілі. Сол себепті министрлік ЭЦҚ-ны бір ғана әрекетпен, қосымша қиындықсыз, жеңіл түрде қолдануға мүмкіндік беретін алгоритм енгізбек», – деп түсіндірді министр.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, медицина құжаттарына ЭЦҚ қою талабы жеңілдетілген тәртіп толық дайын болған кезде ғана міндетті түрде қолданысқа енеді. Яғни бұл 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап іске аспайды, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

