Астана Еуразиялық одаққа төрағалығы кезінде ЖИ технологияларын енгізіп, одақтың логистикалық әлеуетін арттыруға және цифрлық интеграцияны жеделдетуге басымдық бермек деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2026 жылдың алғашқы отырысында Қазақстанның одақтағы негізгі басым бағыттарын Үкімет басшысының орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев одаққа мүше елдердің басшыларына арнаған жолдауында бірқатар стратегиялық міндетті айқындаған.
Қазақстан ең алдымен экономиканың негізгі саласында жасанды интеллект құралдарын кеңінен енгізуге, өндіріс пен ауыл шаруашылығын цифрландыруға, өзара саудадағы түрлі кедергілерді жоюға, сондай-ақ одақтың үшінші елдермен сауда-экономикалық байланысын нығайтуға күш салады.
Сонымен қатар, одақ аясында жоспарланған 77 бірлескен процестің әзірге тек 42-сі ғана іске асырылғаны атап өтілді. Астана осы процестердің толықтай орындалуына жіті мән береді.
«Одақ ішіндегі тауарлардың еркін қозғалысына кедергі келтіретін мәселелерді шешу үшін мүше мемлекеттердің ақпараттық жүйесін интеграциялау аса маңызды міндет. Бірыңғай цифрлық жүйе тауар айналымын жеңілдетіп, транзиттік бағыттарды жедел әрі кедергісіз ететін болады», – деді Жұманғарин.
Билік неге көңіл бөлмек?
Қазақстан «кедергісіз транзит» саясатын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлмек. Тауарларды рәсімдеудің бірізді механизмін енгізіп, кедендік төлемдерді оңтайландыру көзделуде.
Тағы бір маңызды бағыт кооперациялық жобаларды дамыту.
Қазірдің өзінде Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей кәсіпорындарының қатысуымен бес ірі кооперациялық жоба мақұлданған.
«Жобалар аясын кеңейтіп, бірлескен өндірісті ұлғайту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, өнімдерді жергілікті деңгейде өндіру үлесін арттыру қажет», – деп нақтылады министр.
Сонымен бірге Қазақстан үшінші елдермен сауда келісімдерін белсенді түрде ілгерілетіп, сыртқы нарықтарды кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің іскерлік ортасын тұрақты дамыту көзделген.
Соған қарағанда билік одақтан шығуға асықпайтын секілді. Күні кеше танымал кәсіпкер ұйымның ел экономикасын тұралатып жатқанын айтып, Тоқаевқа үндеу жолдаған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

