Танымал заңгер Айман Омарова жаңа Конституция жобасындағы тіл мен жер мәселесіне қатысты пікір білдіріп, әлемжелідегі ақпаратқа сенбеуге шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тілге қатысты мәселені қозғаған заңгер Ата заңдағы баптар азаматтарды кемсітпеу қағидасына қайшы келмеуі керектігін ерекше атап өтті.
«Кейбіреулер «Конституцияда тек қазақ тілі ғана жазылсын» деп жүр. Әрине, ана тіліміздің мәртебесі биік, ол солай болуы тиіс те. Бірақ халықаралық конвенцияларға назар аударсақ, дискриминация мәселесі бар. Мысалы, АҚШ-қа барсаңыз, испанша сөйлегеніңіз үшін «жұмысқа алмаймыз» деп ешкім айтпайды ғой. Әркім өзі қалаған тілде сөйлейді, бірақ ағылшын тілін білмесеңіз, сізге өмір сүру қиындауы мүмкін. Осыны түсіну керек», – деді Айман Омарова Instagram-дағы тікелей эфир барысында.
Сонымен қатар заңгер елімізде әлі күнге қазақша білмейтін азаматтардың бар екенін еске салды.
«Егер дәл қазір қазақша білмейтін қазақтарға: «Енді бәрі тек қазақша болады» десек, ол азаматтардың құқығын шектеу болып шығады. Уақыт өте келе, бәлкім баяу да болса, тіл мәселесінде өзгеріс болады. Бірақ дәл осы сәтте бірден өзгерту қиын әрі дұрыс емес. Кемсітушілікке жол беру заңға да, адамгершілікке де қайшы», – деп түйіндеді Айман Омарова.
Сондай-ақ заңгер жер мәселесіне қатысты Конституцияның жаңа жобасында ешқандай өзгеріс жоқ екенін айтып, халықты қауесетке сенбеуге шақырды.
«Әлеуметтік желілерде «жеріміз сатылып кетеді» деп үрей тудырып жүргендер бар. Айтарым біреу: ешкімге сенбеңіздер. Мен қазір осы мәселені мұқият бақылап отырмын. Жерге қатысты ешбір өзгеріс енгізілген жоқ. Бұрынғы Конституцияда қалай жазылса, сол күйінде тұр. Жерге қатысты ешкім ештеңе деген жоқ», – деді Айман Омарова.
Айта кетелік, бұған дейін Конституцияны сынаған белсендіге 85 мың теңге айыппұл салынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

