Қазақстанда суға кетіп көз жұмған әр бесінші адамның жасы кәмелетке толмаған. Соңғы үш жылдың ішінде ғана 151 бала судан аман шықпаған.
Осы қайғылы статистиканың алдын алу үшін Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына жүзу сабағын енгізбекші деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жоба алғашқыда Алматы мен Астанада пилоттық режимде жүзеге асады. Қыркүйекте басталатын жаңа оқу жылынан бастап 2-4 сынып оқушылары аптасына екі-үш мәрте суда жүзу бойынша жаттығуларға қатысады.
Бұл жастағы балалар жүзудің бастапқы дағдыларын тез меңгеретінімен қатар, оқыс жағдайға тап болу қаупі де жоғары екен.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы басшысының орынбасары Наталья Дырейттің айтуынша, сабақта балаларға олимпиадалық рекорд жаңарту міндеттелмейді, басты мақсат судағы қауіпсіздік қағидасын үйретіп, өзін-өзі сақтауға баулу.
«Балаларымызды суда қауіпсіздік сақтауды үйретеміз. Бұл жүзуден спорттық жетістіктер талап ететін үйірме емес. Сабақтар мектептің дене шынықтыру бағдарламасын толықтырмайды, оны міндетті пәнге айналдыру жоспарда жоқ», – дейді Наталья Дрейт.
Бюджетке салмақ түсе ме?
Жобаның тағы бір ерекшелігі бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Қаржыландыру міндетін Су спорт түрлері федерациясы өз мойнына алған. Сарапшылардың есебінше, 1000 баланың жүзуді меңгеруіне шамамен 45 млн теңге қажет екен. Яғни бастапқы кезеңде 5000 оқушыны қамту жоспарланса, шығын мөлшері де соған сәйкес өседі.
Qazaq Expert Club сарапшысы Евгений Азариев балалар арасынан болашақ олимпиада чемпиондарын тәрбиелеуге мүмкіндік туатынын айтып отыр. Оның пайымынша, қарапайым мектептен де талабы зор, қарымы мол дарындардың шығуы әбден мүмкін.
«Жобаны жүйелі іске асырсақ, кешенді нәтиже көретініміз анық. Көптеген бала спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтады, арасында болашақ олимпиада чемпиондары шығуы да ғажап емес», – дейді сарапшы.
Министрліктің жоспары бойынша, алғашқы кезеңнің өзінде-ақ бес мың бала жүзу сабақтарына қатыспақ. Болашақта бұдан да көп оқушының қамтылуы күтіліп отыр. Жоба нәтижелі болып жатса, еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын табуы әбден мүмкін.
Бұған дейін сала басшысы жекеменшік мектептердің мәселесін май шаммен қарайтынын мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

