Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары құр сөзден нақты іске көшіп, үлкен жобаларға ұласып жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф арасындағы келіссөздерде басты назарда Қазақстанның Араб теңізі арқылы Үнді мұхитына шығатын логистикасын жолға қою мәселесі тұрды. Бұрынғыдай бұлыңғыр жоспарлар емес, нақты келісімшарттар, порттар және теміржол бағыттары айқындалды.
2025-2027 жылдарға арналған Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жол картасының алғашқы нәтижелері де белгілі болды. Екі елдің ендігі мақсаты – тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу.
Бұл ретте Пәкістан Қазақстанға халықаралық нарықтарға балама жол ретінде Карачи және Гвадар порттарын ұсынды. Карачи қалыптасқан ірі логистикалық орталық болса, Гвадар Үнді мұхитына ашылатын жаңа геоэкономикалық қақпа. Осы порттар арқылы Қазақстан дәстүрлі солтүстік және шығыс бағыттарға тәуелді болмай, Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Азия нарықтарына тікелей жол табады.
Бірақ порттарды тиімді ететін ең маңызды фактор – теміржол мәселесі. Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий көлік дәлізін дамыту, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік жолды ілгерілету және Қазақстан-Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан теміржол бағытының келешегін нақты белгіледі. Осы бағыт іске асса, Қазақстан транзиттік картада жай ғана қатысушы емес, бағытты анықтайтын негізгі ойыншыға айналады.
Келіссөздердің тағы бір маңызды нәтижесі ретінде қазақстандық Falcon EuroBus компаниясының Пәкістанға электробус экспорттау жөніндегі ірі келісімін атап өту керек. 108 миллион долларлық келісім бойынша Қазақстан 2027-2028 жылдарға дейін Пәкістанға 2 мыңға жуық электробус жеткізеді, алғашқы партия биыл сәуір айында жөнелтіледі.
Бұл келісімнің маңызы тек ақшалай сомасында емес. Электробус жоғары технологиялық өнім, ол машина жасау, электроника, аккумулятор өндірісі, инфрақұрылым және кадрларды даярлау салаларына серпін береді. Қазақстан бұл арқылы бір реттік экспорт емес, ұзақмерзімді индустриялық әріптестіктің негізін қалап отыр.
Қорыта айтқанда, порттар Қазақстанды сыртқы нарықтарға жалғайды, теміржол сол байланысты экономикалық арнаға айналдырады, ал өндірістік келісімдер елдің тауар өндіруші ретінде халықаралық нарықта орнын бекітеді. Енді осы мүмкіндіктерді жүйелі әрі тиімді түрде іске асыру ғана қалды.
Егер логистика мен өндіріс бір арнада жүрсе, алдағы он жылда транзит пен өңдеуші өнеркәсіп Қазақстан үшін мұнай саласынан кем түспейтін табыс көзіне айналуы әбден мүмкін.
Тілшілеріміз Түркияның Оңтүстік Кавказды толық бақылауға алып, Каспий теңізіндегі маңызды энергетикалық ресурстарға ие болғанын талдап жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

