Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қабылдаған шаралары оң нәтиже бере бастады. Халыққа берілетін несие көлемінің өсу қарқыны төмендеді, ал кепілсіз тұтынушылық несиелендіру бұрынғы қарқынын жоғалтты. Сонымен қатар, банктер бизнес пен экономиканы қаржыландыруды арттырып, сектордың тұрақтылығын сақтап қалды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Реттеу шараларының нәтижесі
2025 жылы халыққа берілген несие 19,8%-ға өсіп, 24,8 трлн теңгеге жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 23,9% болған еді. Әсіресе тұтынушылық несиелендіру қарқыны айтарлықтай бәсеңдеді.
Тұтынушылық несие көлемі бір жыл ішінде 21%-ға (16,7 трлн теңге) артты. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 33,5% болған. Кепілсіз несиелендіру қарқыны екі есеге жуық төмендеді: 2024 жылы – 29,3%, 2025 жылы – 14,5%. Жаңа кепілсіз несиелердің берілу қарқыны одан да қатты баяулады: 22,6%-дан 6,1%-ға дейін.
АРРФР бұл өзгерістерді борышкерлерге қойылатын талаптардың күшеюі және ақша-несие саясатының өзгеруімен байланыстырады. Басты мақсат нарықтың қызып кетуіне және халықтың шамадан тыс қарыздануына жол бермеу.
Алайда тұтынушылық несиелендіру толық тоқтаған жоқ. 2025 жылы автонесиелер бірден 42,4%-ға (4 трлн теңгеге дейін) өсті. Бұл автокөліктерге сұраныстың қайта қалпына келуімен байланысты. Сондай-ақ, ипотекалық несиелер 14,6%-ға өсіп, 6,9 трлн теңгені құрады.
Бизнесті қаржыландыру белсенділігі артты
Реттеушілердің шараларынан кейін банктер бизнес пен экономиканы белсенді қаржыландыра бастады. Экономикаға берілген несие көлемі 19,1%-ға өсіп, 40,2 трлн теңгеге жетті.
Бизнесті несиелендіру 18%-ға (15,4 трлн теңге) артты. Бұл – 2007 жылдан бері тіркелген ең жоғары өсім. Негізгі үлес ірі бизнесті несиелендіруге тиесілі – 27,1%-ға өсіп, 5,5 трлн теңге болды. Жеке кәсіпкерлерге берілген несие де 35,6%-ға ұлғайып, 3,1 трлн теңгеге жетті.
Шағын және орта бизнес сегментінде несие көлемі 5,7%-ға ғана өсті (6,8 трлн теңге). Бұған қаржы шарттарының қатаңдауы мен мемлекеттік қолдау механизмдерінің өзгеруі әсер етті.
Несиелендірудің өсуі экономика салаларының барлық дерлік бағытында байқалды: өнеркәсіп, сауда, құрылыс, көлік және қызмет көрсету салалары қаржы көздеріне қол жеткізді.
Ұлттық банк ескертулерден нәтижеге көшті
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылдың басында-ақ тұтынушылық несиелендіру нарығының қызып кету қаупін ашық айтқан болатын. 2025 жылғы 28 қаңтардағы Үкімет отырысында ол халыққа берілетін несие 24,4%-ға, ал тұтынушылық несие 33,5%-ға өскенін атап өтті.
Осыған орай, қаржы реттеушілері, Үкімет және Парламент бірлесіп заң қабылдады. Атап айтқанда:
Кешіктірілген берешегі бар адамдарға несие беруге тыйым салынды;
Коллекторларға қарызды беруге екі жылдық мораторий енгізілді;
Тұтынушылық несиенің максималды сомасы белгіленді;
Борышкердің жүктемесін шектейтін жаңа нормативтер бекітілді.
Қазіргі таңда бұл шаралардың тиімділігі көріне бастады. Тұтынушылық несиелендіру қарқыны бәсеңдеп, нарық тепе-теңдігі қалыпқа келе бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

