Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Конституциядағы қазақ тілінің мәртебесіне қатысты пікірі әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қоғам назарын аударды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның бұл мәлімдемесі қазіргі уақытта талқыланып жатқан конституциялық өзгерістер аясында аса маңызды әрі өзекті мәселе ретінде қарастырылуда.
Әкімнің айтуынша, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі Конституцияда нақты белгіленген әрі ол өзгермейтін аксиома ретінде сақталады.
– Қазақ тілі бұл біздің ана тіліміз. Конституцияның 7-бабының 1-тармағында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі анық көрсетілген. Бұл мәселеге қатысты ешқандай дау жоқ және болуы да мүмкін емес. Ал жиналыстарда, мемлекеттік ұйымдарда қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілін пайдалануға да мүмкіндік берілген. Бұл Конституцияда белгіленген норма, – деді әкім.
Қилыбайдың сөзіне қарағанда, Конституцияны дайындау барысында жеке тұлғаның емес, үлкен құрамды арнайы комиссияның еңбегі сіңген. Комиссия құрамында белгілі ғалымдар, сарапшылар, тәжірибелі мамандар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері болған. Олар халық пікірін тыңдап, ел ішіндегі ұсыныстар мен сындарды ескеріп, осы бағытта ұзақ талқылау жүргізген.
«Конституцияны бір ғана адам жазып шыққан жоқ. Бұл – ашық, жария түрде, онлайн форматта жұмыс істеген үлкен ұжымдық жұмыс. Кез келген азамат өзінің пікірін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізе алды. Сондықтан Конституциядағы тіл мәселесіне байланысты шешім халық пікірі ескеріліп қабылданды», – деп атап өтті әкім.
Әкім тіл мәселесін қозғау барысында халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Қазіргі таңда әлемнің дамыған әрі табысты елдерінде бір емес, бірнеше мемлекеттік тіл қатар қолданылып жүр. Бұл – елдің бірлігіне де, дамуына да кедергі емес екенін әкім нақты мысалдармен келтірді.
– Әлемде екі немесе одан да көп мемлекеттік тіл мәртебесіне ие елдер аз емес. Мәселен, Финляндия – халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сапасы жағынан әлемдегі ең үздік елдердің бірі. Мұнда фин және швед тілдері қатар қолданылады. Сонымен қатар Сингапурды алайық, бұл мемлекетте ағылшын, қытай, малай және тамил секілді төрт тіл мемлекеттік мәртебеге ие. Ал Швейцария әлемдік қаржы мен банк саласының орталығы болып саналады, онда да төрт тіл қатар қолданылады. Бельгияда фламанд, француз, неміс тілдері – ресми мәртебеге ие. Яғни, бірнеше тілдің қатар қолданылуы елдің дамуына ешқандай кедергі келтірмейді, керісінше, түрлі мәдениеттердің өзара сыйластығын арттырады, – деп түйіндеді Қилыбай.
Сарапшылардың пікірінше, әкімнің бұл сөзі қазіргі уақыттағы Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәртебесі туралы қоғамдағы пікірталастарға айқын әрі нақты жауап ретінде қабылдануы тиіс. Бұл пікір – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне күмән келтірушілерге де, басқа тілдердің ресми деңгейде қолданылуын мүлдем теріске шығарушыларға да нақты әрі салмақты жауап.
Контекст
Сонымен қатар, әкімнің халықаралық тәжірибені мысалға келтіре отырып, тілдік саясаттың мемлекеттің даму көрсеткішіне ешқандай теріс әсер етпейтінін дәлелдеуі – маңызды аргумент. Бұл ретте тіл мәселесіне байланысты әсіре эмоцияға бой алдырмай, салмақты әрі сындарлы көзқараспен қарау қажеттігі байқалады.
Қорыта келгенде, әкімнің сөзінен түсінетініміз, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Қазақстанда ешқашан өзінің мәртебесін жоғалтпайды. Мемлекет қазақ тілінің дамуы мен нығаюын қамтамасыз етуді одан әрі жалғастырады. Ал басқа тілдердің де ресми деңгейде қолданылуы – елдің ішкі тұтастығы мен көпұлтты қоғамның үйлесімді дамуы үшін қажет қадамдардың бірі. Осы тұрғыда әкімнің бұл пікірі қоғамның татулығы мен тілдік мәселелердегі тепе-теңдікті сақтауға бағытталған салмақты, байыпты ұстаным ретінде бағалануда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

