Қазақстанда күн сайын бес бала қылмыстың құрбаны болады, өкініштісі сол балаларға зиян келтіретіндердің көбі өз үйінен, өз отбасы мүшелерінен шығып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы «24KZ» арнасындағы «Түйін» бағдарламасында бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты. Оның сөзінше, мұндай қылмыстардың 60-70 пайызын ата-аналар мен бірге тұратын жақын адамдар жасайды екен. Осы себепті отбасында жасалған қылмысты анықтап, алдын алу өте күрделі.
«Өкінішке қарай, елімізде күнделікті бес бала зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады. Оның 60-70 пайызында балалардың өз ата-анасы немесе бірге тұрып жатқан адамдар кінәлі болып шығады. Үй ішінде жасалатын қылмыстың анықталуы мен алдын алуы қиындай түседі», – деді Динара Зәкиева.
Тоқаевтың тапсырмасынан кейін не өзгерді?
Президенттің тапсырмасы бойынша, осы салада арнайы заңдар қабылданып, алдын алу шаралары күшейтілген. Әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылған. Былтыр профилактикалық шаралардың нәтижесінде 29 мың ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Оның ішінде 1126 адам ата-ана құқығынан айырылып, 661 адамның құқығы шектелген. Нәтижесінде балаларға қарсы ауыр қылмыстардың саны едәуір төмендеген.
«Мысалы, Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша қылмыстар саны 10 пайызға, ал 106-баптың 3-бөлігі бойынша бірден 54 пайызға азайды», – дейді омбудсмен.
Дегенмен…
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың көбейіп бара жатқаны алаңдатып отыр. Өткен жылы балалар жасаған қылмыс саны 30 пайызға артқан. Оның 70 пайызы қаржылық сипаттағы қылмыстар болса, 20 пайызы адамның жеке басына қарсы жасалған құқық бұзушылықтар.
«Мұндай қылмыстар көбіне мектептегі буллингтен басталады», – деп атап өтті омбудсмен.
Осы мәселенің алдын алу үшін мектептерде «ДосболLIKE» және «Адал азамат» атты арнайы бағдарламалар енгізілген.
2025 жылы елімізде баланың құқығын бұзудың 171 жағдайы ресми түрде тіркелген. Ал «111» ұлттық сенім телефонына 124 600 қоңырау түскен. ЮНИСЕФ зерттеуіне сенсек, елдегі балалар құқығының шынайы ахуалы ресми статистикадан әлдеқайда нашар болуы мүмкін.
«Саладағы жұмыстар жалғасын тауып, профилактика механизмдері жетілдірілуі керек. Сондықтан «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында мамандарды оқыту, оларға қолдау көрсету және жұмыс стандарттарын жетілдіру көзделіп отыр. Әсіресе қамқоршылық қызметкерлері мен психологтардың жалақысын арттыру мәселесі қаралған», – деді Динара Зәкиева.
Айта кетелік, бұған дейін Атырау облысы Құлсары қаласында оқушы бала қатарластарына балта алып жүгірген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

