Жақын уақытта «Астана – Талдықорған» бағытындағы жаңа теміржол қатынасы іске қосылады. Елдің өтінішін ескерген Көлік министрлігі мен «Жолаушылар тасымалы» жаңа маршрутты сәуір айында іске қосуды жоспарлап отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа теміржол желісінің ашылуы ең алдымен Жетісу облысына туристік қызығушылықты арттырып, өңірлер мен елорда арасындағы байланысты нығайтады. Сондай-ақ ішкі туризм мен іскерлік белсенділікке серпін беріп, халықтың еркін қозғалуына оң ықпал етпек.
Бастапқы кезеңде ұлттық тасымалдаушы тарапынан екі жолаушылар вагоны бөлініп, олар №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында күн ара қатынайтын болады.
Ақтоғай станциясында аталған вагондарды №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына қайта тіркеу көзделген, бұл бүкіл маршрут бойымен үздіксіз әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді.
Министрлік өкілдерінің сөзінше, бұл тек бастапқы қадам ғана. Алдағы уақытта сұраныстың артуына қарай вагондардың саны мен жүру жиілігі де көбейтілмек. Осы арқылы жаңа бағыттың жолаушылар қажеттілігіне қарай бейімделуіне жағдай жасалады.
Теміржол қатынасы Талдықорғандағы қайта жаңартылған вокзалдың ашылуына орай, 2026 жылдың сәуірінде іске қосылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

