Әйгілі айтыскер ақын Серік Құсанбаев Шығыс Қазақстанның қазіргі ахуалы мен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов туралы пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақын өз жазбасында Шығыс Қазақстанның стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтіп, өңірдің Ресей және Қытай секілді ірі көршімен шектесетінін еске салған. Осы себептен облысқа артылар жауапкершіліктің де салмағы басым.
Сапарбаев қандай еді?
Құсанбаев тәуелсіздік жылдары аймақты басқарған тұлғалар арасында елдің ерекше құрметіне бөленгендердің бірі — марқұм Бердібек Сапарбаев екенін айтады.
Ақынның пікірінше, халық Сапарбаевты деген тек іскерлігі үшін емес, елге жақын мінез-құлқы мен қазақы бітім-болмысы үшін бағалаған.
«Бұл тарих қойнауына кетердей ертеректе болған оқиға емес. Бәрі де күні кешегідей елдің жадында. Ел қазақылыққа бет бұрды, ол мемлекеттің даму жолындағы табиғи, көптің күткен жолы еді», – дейді ақын.
Сақтағанов ше?
Қазақылық демекші, қазір осы бағыт жалғасып жатқанын атап өткен автор, өткен жылы ШҚО әкімі болып тағайындалған Нұрымбет Сақтағановқа ерекше сенім білдіреді. Оның айтуынша, жаңа әкімнің өмірлік ұстанымы мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі өңірді дамытуға толық жеткілікті.
Қызметке кіріскеніне бір жылға жуық уақыт ішінде Сақтағанов атқарған жұмыс халықтың көңілінен шығып отыр. Қазіргі басшының Сапарбаевтың шинелінен шыққанын еске салған Құсанбаев әкімнің көппен кездесуден қашпайтын мінезін жоғары бағалапты.
«Бұл жағымпаздық үшін айтыла салған қызыл сөз емес. Оның мен үшін қажеті де жоқ. Азаматтың өзім таныған болмысын ғана айтып отырмын», — дейді ақын.
Осы ретте ол Сақтағановтың тұсындағы ШҚО-ның таяу жылда өз-өзін толық қамтамасыз ететін аймаққа айналарына сенім білдірген екен. Қазірдің өзінде өңірдің потенциалы зерделеніп, 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы дайындалған. Сондай-ақ, ол ақпарат кеңістігінде кейде негізсіз сын-пікірлердің де айтылып қалатынына тоқталып, «жұмыс жүрген жерде ғана әңгіме айтылады» деп жазған.
Жазбасының соңын Серік Құсанбаев «қоңырсық иіс шығаратын пыш-пыш сөз, ел мүддесінен биік емес, осыны ұмытпайық!» деген ойымен қорытындылаған.
Айтқандай, үкімет басшысы Олжас Бектенов кейбір әкімдерге көңілі толмай жүр. Түнеукүні премьер мемлекеттің бағдарламаны нашар орындаған үш әкімді дәптеріне түртіп алған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

