1812 жылы Наполеон Бонапарт бастаған француз әскерінің Ресейден шегінуі оның империясының күйреуіне түрткі болған, тарихта орны ерекше оқиғалардың бірі болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алғашында жарты миллионға жуық әскермен жолға шыққан Наполеон қолынан шамамен 300 мыңға жуық сарбаз опат болған еді. Ғалымдар сол тарихи оқиғаға қатысты жаңа зерттеу жасап, сол кездегі әскерде бұрын белгісіз болып келген жұқпалы аурулардың болғанын анықтады.
Литва астанасы Вильнюс маңындағы Наполеон сарбаздары жерленген жаппай қорымнан табылған жауынгерлердің сүйектеріне жасалған ДНҚ-зерттеуі Grande Armée (Ұлы армия) сарбаздарының бірнеше аурудан зардап шеккенін көрсетті. Ғалымдар сарбаздардың тісінен алынған үлгілер арқылы паратиф және биттен тарайтын қайталама сүзек (возвратный тиф) қоздырғыштарын анықтаған.
Бұл аурулар бұрын Наполеонның Ресейден шегінуі туралы тарихи деректерде кездеспеген. Осы жаңалық Наполеон әскерінің шегіну кезіндегі ауыр жағдайының медициналық сипатын кеңейте түсті.
Вильнюстағы қорым 2001 жылы табылған болатын, бұл жерде шамамен 2-3 мың француз жауынгерінің сүйегі жатыр.
– Вильнюс 1812 жылғы шегіну жолындағы маңызды аялдама болды. Бұл жерге сарбаздардың көпшілігі аш, ауру және әбден әлсіреген күйде жеткен. Көп жауынгер дәл осы жерде қаза тапты және олар тез арада жаппай жерленді, – деді Париждегі Пастер институтының микробтық палеогеномика бөлімінің жетекшісі, зерттеудің бас авторы, молекулалық биолог әрі генетик Николас Раскован.
Паратиф ауруы негізінен тамақ және су арқылы таралады. Оның симптомдарына безгек, бас ауруы, іштің ауыруы, диарея немесе іш қату жатады. Ал бит арқылы тарайтын қайталама сүзек ауруы дене қызуының қайта-қайта көтерілуімен, бұлшық еттің ауруымен және жалпы әлсіздікпен сипатталады.
Зерттеу кезінде 13 жауынгердің төртеуінен паратиф қоздырғышы, екеуінен қайталама сүзек бактериялары табылған. Ғалымдардың айтуынша, бұл аурулардың симптомдары тарихи жазбаларда сипатталған сарбаздардың жағдайымен дәл сәйкес келеді.
Бұған дейін, 2006 жылы осы қорымда табылған басқа 35 жауынгерге жасалған зерттеулерден бөртпе сүзегі мен окоп безгегі аурулары анықталған еді. Ал жаңа зерттеу бұл аурулардың ізін таппады.
Наполеон 1812 жылы Ресейге басып кіріп, Мәскеуге дейін жеткенімен, қыстың қатты суығы, азық-түліктің тапшылығы мен ресейлік әскерлердің шабуылдары оны кері шегінуге мәжбүр етті.
– Бұл зерттеу тарихи оқиғалардың шындығына жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Бұрын тек бір-екі ауру туралы айтылса, енді француз армиясында көптеген жұқпалы аурулардың қатар таралғаны белгілі болды. Бұл сол кездегі санитариялық жағдайдың ауырлығын көрсетеді, – деді Раскован.
Оның айтуынша, ДНҚ-зерттеулер тарихи оқиғаларды дәлірек зерделеп, жұқпалы аурулардың таралу тарихын нақтырақ түсінуге мүмкіндік береді.
– Көне ДНҚ талдаулары тарихи гипотезаларды тексеруге, бұрынғы деректерді толықтыруға және нақтылауға мүмкіндік береді. Осы арқылы ғалымдар мен тарихшылар күрделі тарихи оқиғаларды әлдеқайда терең әрі анық зерттей алады, – дейді ғалым.
Айтқандай, ғалымдар Англияның Саффолк графтығынан ежелгі адамдар от тұтатқан ең көне дәлел тапты. Бұл от жағу орны шамамен 415 мың жыл бұрын неандертальдықтар тарапынан жасалғаны анықталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

