Кремль Украина бойынша АҚШ-пен келіссөз барысында доллармен есеп айырысу жүйесіне қайта оралуды өтініп сұрамақшы деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Bloomberg-тің қолына түскен Путиннің төңірегіне арналған ішкі құжатта Мәскеудің Трамп әкімшілігінен келісім аясында долларлық операцияға қойылған шектеуді алып тастауды сұрайтыны айтылған. Соның ішінде энергетикалық экспорт бойынша төлемді қайтадан доллармен жүргізу мәселесі алдыңғы қатарға шығарылмақ.
Құжатта екі ел арасындағы ықтимал ынтымақтастықтың 7 негізгі бағыты белгіленген екен.
Ресей америкалық ұшақ өндірушілерімен ұзақ мерзімді келісімге келіп, авиациялық паркін жаңартуға дайын. Соңғы кездері желіде орыстардың сонау сәвет үкіметінен қалған ұшақтарды қайта пайдаланып жатқаны белгілі болған еді.
Сондай-ақ тараптар мұнай мен сұйытылған табиғи газ (СПГ) өндірісінде, атом энергетикасында, литий, мыс, никель және платина кеніштерін игеру бойынша бірлескен жобаларды қолға алуды ұсынып отыр.
Одан бөлек, Мәскеу климаттық саясатқа қарсы тұру мақсатында АҚШ-пен бірге қазба отынды әлемдік нарыққа шығаруды жоспарлаған. Америкалық бизнеске ресейлік нарыққа қайта кіру үшін жеңілдік беріліп, бұрынғы инвестициялары есепке алынып, келтірілген шығындарды өтеу бойынша жәрдем ұсынылған.
Долларды сағынған Ресей
Меморандумдағы ең күтпеген тұс Кремльдің долларлық төлем жүйесіне қайта бет бұруы болып отыр.
Ең қызығы бұған дейін Владимир Путин доллардың ғаламдық экономикадағы ықпалы әбден әлсіреп, қадірі қалмағанын, оны қолданудың саяси астары басым екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.
Дегенмен, аталған құжатта Ресей долларлық есеп-қисапқа қайта оралған жағдайда, ішкі валюта нарығының тұрақтанатынын, төлем балансының ауытқуы азаятынын айқан екен. Ал Уашиңтон үшін әлгі қадам доллардың мәртебесін күшейтуге қосымша негіз болмақ.
Bloomberg құжатты қандай жолмен қолға түсіргенін нақты көрсетпеген. Әзірше Ресей де, АҚШ та ресми түрде құжаттың бар екенін растамады немесе жоққа шығармады.
Айта кетелік, бұған дейін Трамп Кремль көсемін «Бейбітшілік кеңесіне» кіруге шақырған. Путин алдымен «стратегиялық серіктестерімен» кеңесетінін жеткізген екен. Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу осындай сәтте ең алдымен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірін білуге тырысады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

