Бүгін елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға бірікті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл коалиция құрамына бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйым кірді, олардың әрқайсысы миллиондаған қазақстандықтың мүддесін білдіреді. Жаңа Конституция жобасы Қазақстанды түбегейлі өзгертетін тарихи құжат. Ол елдің саяси жүйесін қоғам сұранысына сай жаңартып, азаматтардың мемлекетті басқаруға араласуын кеңейтеді, биліктің барлық тармағының ашық, әділ әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Мәжіліс Спикері, Жалпыұлттық Коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов бұл Конституцияның халықпен бірге жазылғанын, сондықтан оны «Халықтық Конституция» деп атауға толық негіз бар екенін атап өтті.
– Жаңа Конституцияда мемлекеттің басты байлығы жер асты ресурстары емес, білімді әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ екені бекітілген. Президентіміздің көптеген жыл бойғы ой-толғамдарының жемісі болған бұл тарихи құжат. Нағыз халықтың арман-тілегімен үндескен дүние. Бәріміздің мақсатымыз – келешек ұрпақ мақтанатын, әділетті және дамыған Қазақстан құру, – деді Ерлан Қошанов.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де өз сөзінде Жаңа Конституцияның маңыздылығына тоқталды. «Қазақстан өз болашағын білім, ғылым мен инновацияға негіздеді. Дамыған мемлекет ретінде қалыптасуды мақсат етіп отыр. Бұл Конституция еліміздің дамуына жаңа серпін беретін құжат», – деді ол.
Жиын барысында сөз алған партия төрағалары, депутаттар, кәсіпкерлер мен сарапшылар ойларын ортаға салды. Олар Жаңа Конституцияның Қазақстанның саяси және экономикалық дамуына тың серпін беріп, ұлттық құндылықтарды, кәсіпкерлікті, ғылым мен мәдениетті дамытатынын тілге тиек етті.
«Ауыл» , «Ақ жол», «Respublica» және Қазақстан Халық партиясыны ңжетекшілері де ойларын ортаға салды. Ал «AMANAT» партиясының өкілдері Ерлан Саиров, Үнзила Шапақ және Сергей Пономарев Конституцияның әділетті әрі мықты Қазақстан құрудағы ерекше рөлін атап өтті.

Одан бөлек, «Агромаш Холдинг KZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова, Республикалық адвокаттар алқасының Төрағасы Мәди Мырзағараев сө алды. Ал саясаттанушы Марат Шибұтов, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының Президенті Рауан Кенжеханұлы Жаңа Конституция қоғамдағы терең өзгерістерге толық жауап беретінін айтты.
Жаңа Конституция әзірлеу барысында 10 мыңнан астам ұсыныс түскен. Бұл Конституцияның ашық әрі халықпен бірге дайындалғанын көрсетеді. Осы орайда Конституцияның қабылдануы әділдік пен заң үстемдігі, адам құқығын құрметтеу секілді қоғамдық құндылықтарды нығайта түсетіні айтылды.
Контекст
Жалпыұлттық Коалицияның құрамына партиялардың аймақтық филиалдары, мәслихат депутаттары, ғалымдар, зиялы қауым, мәдениет және спорт өкілдері, кәсіподақ ұйымдары мен жастар бірлестіктері кірді. Алдағы уақытта олар өңірлерде тұрғындармен, сарапшылармен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, Конституция жобасын түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Кездесуге қатысушылар бұл тарихи кезеңде қоғамның жетекші күштерінің бірігуі өте маңызды екенін атап өтті. Себебі әрбір қазақстандықтың дауысы жаңа, әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолында шешуші рөл атқарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

