Бектенов үкіметі инвесторлардың әрекетсіздігіне жауап ретінде Қайран мен Ақтоты кен орнын NCOC акционерлерінен тартып алуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Energy Monitor қорының жетекшісі, сала сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов солай деп отыр. Оның пікірінше, Үкімет ұлттық мүддені қорғау мақсатында аталған кен орындарын акционерлерден кері қайтаруға баруы мүмкін. Себеп?
Себеп инвесторлардың Қашаған жобасының өндірісін кеңейтуге қажетті қаржыны құюдан қашқақтауы.
Әңгіме «Қашаған-2А» өндірісін кеңейту кезеңі жөнінде болып отыр. Бастапқы жоспар бойынша, 2026 жылы аяқталуға тиіс жоба енді 2031 жылға шегерілген. Мұның соңы 2031 жылға межеленген «2В кезеңіне» де әсер ететіні сөзсіз. Аталған кезеңде өндіріс тәулігіне 89,5 мың тоннаға жетуі керек еді. Қазіргі меже бар болғаны 63 мың тонна.
Акционерлер неден қашқақтап отыр?
Өндірісті арттыру үшін кен орнындағы күкіртті газды өңдеумен айналысатын арнайы зауыт салынуы қажет. Бірақ зауыт әлі күнге дейін салынған жоқ. Жұмағұлов мұны инвесторлардың ұтымды ойластырған айласы дейді.
«Акционерлерге өндірісті ұлғайтып, оған миллиардтаған доллар жұмсағаннан гөрі, өнімнің 90%-ын қолайлы шарттармен бөлісе тұру әлдеқайда тиімді.
Қашаған келісімі бойынша алғашқы 3 миллиард баррельге дейін инвесторлар кірістің негізгі үлесін алып отырады.
Ал оның алғашқы миллиардына былтыр ғана, 9 жыл дегенде жетті. Демек, қазіргідей тәулігіне 400 мың баррель өндіру қарқынымен олар келісім мерзімінің соңына дейін осы шартты еркін пайдаланады».
Бұған Бектенов үкіметі көне ме?
Жұмағұловтың пікірінше, мұндай жағдай Үкіметті тығырыққа тіреп, кен орындарын мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде қайтаруға итермелеуі мүмкін. Егер билік осындай қадамға барса, инвесторларға өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге тура келеді. Қазірдің өзінде экологиялық заңсыздық мен өнімді бөлісу келісіміндегі әділетсіздік бойынша тараптар арасында ірі дау жүріп жатыр екен.
Қайран және Ақтоты – Солтүстік Каспий жобасының құрамындағы бес кен орнының екеуі. Жобаның ең ірі кен орны Қашаған. Дегенмен Жұмағұлов дәл осы екі кен орнын ерекше екпін беріп отыр.
Бұған дейін Bloomberg Қашаған акционерлерінің Бектенов үкіметінен қаймыға бермейтінін жазған. Басылым дерегінше, инвесторлар кен орнындағы күкірттің экологиялық нормаға сай сақталмайтынын біле тұра, талай жыл бойы тиісті шара қабылдамаған. Салдарынан мемлекет 2022 жылы сотқа шағым түсіріп, инвесторлардан 2,3 трлн теңге өтемақы талап еткен.
Қысқа-нұсқа анықтама
Қашағанды игеруші NCOC консорциумының құрамына қазақстандық ҚМГ (16,88%), италиялық Eni, британдық Shell, америкалық ExxonMobil, француздық TotalEnergies (әрқайсысында 16,81%-дан), қытайлық CNPC (8,33%) және жапониялық Inpex (7,56%) кіреді.
Айта кетелік, бұған дейін Бектенов осы мәселеде «ұлттық мүддені қорғамай отыр» деп шағымданған «Ақжол» партиясына жауап қатқан еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

