Қазақстанда мерзімді депозит көлемі соңғы тоқсанда екі есеге жуық өсіп, өткен жылмен салыстырғанда 12 еседен астам артқан, деп жазады Ertenmedia.kz.
Базалық мөлшерлеме тұрақты болғандықтан, банктер депозиттердің тартымды пайыздық мөлшерлемесін сақтап қалды. Ал елдегі инфляция 2026 жылдың бірінші тоқсанында 11%-ға дейін төмендеген. Бұл жағдай теңгелік депозиттердің мәртебесін нығайтып, оны инфляциядан қорғайтын құрал ғана емес, нақты табыс көзі ретінде қалыптастырды. Осылайша халықтың жинақтау әрекеті күшейе түскен.
Қор мамандарының айтуынша, ұлттық валютаның нығаюы теңгелік депозиттерге деген қызығушылықты арттыра түскен қосымша факторға айналды.
Мерзімді депозиттердің көлемі жыл басынан бергі үш ай ішінде екі есеге жуық өссе, жылдық көрсеткіш бойынша 12 еседен астам жоғарылаған. Осы тоқсанда мерзімді салымдар бойынша мөлшерлемелер жинақ салымдарымен теңесті. Бұл жағдай өз кезегінде басқа депозит түрлерінен мерзімді салымдарға қаржының ағылуын күшейткен.
Тоқсан соңындағы нарықтық мөлшерлемелерге сәйкес, талап етілгенге дейінгі депозиттер бойынша жылдық ставка 15%-ды құраған. Ал қысқа мерзімді (1-6 ай) мерзімді және жинақ салымдарының табыстылығы ең жоғары деңгейде болды: толықтыру мүмкіндігі бар депозиттер бойынша жылдық мөлшерлеме – 19,8%, толықтыруға болмайтын депозиттер бойынша – 19%-ға жеткен. Ұзақ мерзімді депозиттерде пайыздық мөлшерлеме бұдан төмен деңгейде белгіленген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







