Орталық ғылыми кітапхана қазақ ғылымының кешегісі мен бүгінін байланыстырып тұрған ерекше мәдени-ғылыми орталықтардың бірі. 1932 жылы құрылған бұл мекеме бүгінде «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құрамында табысты қызмет атқарып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғылыми мұраны сақтау, жүйелеу және оны барша зерттеушіге қолжетімді ету кітапхананың басты міндеті. Осы бағытта сирек қолжазбалар мен көне басылымдарды реставрациялау, ғылыми сипаттау және цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатыр.
– Бүгінде кітапхана қоры 5,8 миллионнан астам бірлікті құрайды. Оның ішінде 4 миллионға жуық ғылыми әдебиет, 20 мыңнан астам қолжазба, 91 мың сирек кітап бар. Қорда 850 мыңнан астам шетел әдебиеті мен 900 мыңға жуық шетелдік ғылыми басылым сақталған. Бұл кітапхананың халықаралық ғылыми байланысын көрсететін маңызды көрсеткіш, – дейді «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов.
Қордағы көне жәдігерлердің ғылыми құндылығы ерекше. Көне түркі, араб, парсы, түрік, шағатай тілдеріндегі басылымдар ұлттық тарихымыздың рухани сабақтастығын көрсетеді. XVIII ғасырдағы Құран Кәрім, 1819 жылы Қазанда жарық көрген «Ахбар Шыңғысхан уә Ақсақ Темір», 1841 жылы Парижде басылған «Құлиат пен Науаи» секілді кітаптар ғылыми қауым үшін таптырмас дереккөз.
Басты бағыт цифрландыру
Осы сирек қордағы ең бағалы жәдігердің бірі XVIII ғасырдағы «Хандар шежіресі» қолжазбасының ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілуі.
Бұл туралы кітапхана директоры былай дейді:
– «Хандар шежіресінің» ЮНЕСКО тізіліміне енуі – кітапханамыздың халықаралық деңгейде мойындалғандығының көрінісі. Бұл – ұлттық мұраны сақтау ісінің дұрыс жолға қойылғанын дәлелдейді.

Қазіргі кезеңде кітапхана дамуындағы басты бағыт цифрландыру. Ұлар Мұқажановтың айтуынша, 2025 жылы 3 710-нан астам электронды құжат әзірленіп, 31 мыңнан астам басылым оқырманға ұсынылды. Қор 700 жаңа басылыммен толыққан. Сирек қолжазбаларды цифрландыру бойынша шетелдік серіктестермен бірлескен жобалар іске асуда.
– Цифрландыру жұмыстары ғылыми мұраны әлемдік ғылыми кеңістікке шығаруға мүмкіндік береді. Бұл – заман талабы, – деп атап өтті Ұлар Мұқажанов.
Халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән берілуде. Түркия, Иран, Франция, АҚШ, Молдова және Катар елдерінің ғылыми-мәдени мекемелерімен байланыс орнаған. АҚШ Елшілігінің қолдауымен іске асырылып жатқан «American Book Corner» жобасы ғылыми әдебиеттің жаңа легін тартуға бағытталған маңызды бастама.
Халықаралық байланыстарды нығайып келеді
Кітапхана қызметкерлері BR28712621 ғылыми жобасы аясында Түркияның ірі кітапханаларында тағылымдамадан өткен.
– Анкара мен Ыстанбұлдағы тәжірибе алмасу барысында MARC 21 халықаралық стандартына негізделген каталогтау әдісі зерделенді. Нәтижесінде кітапхананың MegaPro жүйесін халықаралық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары басталды, – деді Ұлар Мұқажанов.
Ұлттық ғылымды шетелде насихаттау да күн тәртібінде. Ыстанбұлдағы Rami кітапханасында «Қазақстанның ғылыми және әдеби бұрышы» ашылып, 250 дана кітап қойылды. Бұл жоба Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.
– Бұл бұрышқа Орталық ғылыми кітапхана, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының таңдаулы басылымдары орналастырылды. Бұл ұлттық ғылыми ойымызды халықаралық деңгейде танытудың нақты қадамы, – деп түсіндірді Ұлар Мұқажанов.
Орталық ғылыми кітапхана бүгінде тек қор сақтаушы мекеме ғана емес, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыратын, халықаралық байланыстарды нығайтатын заманауи орталыққа айналды.
– Біздің стратегиялық бағытымыз ұлттық ғылымның алтын қорын сақтай отырып, оны әлемдік ғылыми айналымға шығару. Осы мақсатта жүйелі жұмыс жасап, халықаралық стандарттарға сәйкестік пен жаһандық серіктестікті дамытуға мән береміз, – дейді бас директор.
Кітапхананың алдағы міндеттері сирек қорларды сақтау мен цифрландыруды күшейту, халықаралық жобаларды кеңейту және кітапхананы инновациялық ғылыми-ақпараттық платформа ретінде дамыту. Бұл бағытта кітапхана қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер қойылған.
Осылайша, Орталық ғылыми кітапхана ұлттық ғылымның өткенін сақтап, бүгінімен байланыстырып, келешегіне жол ашатын маңызды орталық болып қала бермек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

