Ақтөбе хром қосындылары зауытында (АЗХС) жергілікті мамандар жаппай жұмыстан қысқарып жатыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әлемжеліде жарияланған ашық хатта зауыт қызметкерлері қысқарту мәселесін жаңа басшылықпен байланыстырып отыр. Жұмысшылардың сөзінше, кәсіпорын директоры болып тағайындалған В.И.Гриненко келгеннен кейін тәжірибелі мамандар қысқартуға ұшырай бастаған.
Есесіне Ресейден келген жаңа жұмысшыларға есік ашылып, олардың жалақысы жергілікті кадрлардан бірнеше есе жоғары болып бекітілген.
«Біздің қызметкерлер қысқарып жатқан тұста, зауыт басшылығы Ресейден келген мамандарды қандай негізге сүйеніп жұмысқа алып отыр? Неге шетелден келген жұмысшылардың айлық жалақысы көп жылдық тәжірибесі бар қазақстандықтардан әлдеқайда жоғары?», – дейді наразылық білдірушілер.
«Оңтайландыру» деген сылтау ойлап тапқан
Хат авторлары зауыттың жергілікті экономиканың тірегі болғанын, мұнда бірнеше ұрпақ бойы жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар қысым көріп отырғанын жеткізді.
«Зауытта бар ғұмырымды өткіздім. Бірақ қазір тәжірибем де, адалдығым да ешкімге қажет емес болып шықты. Бізді «оңтайландыру» деген сылтаумен жұмыстан шығаруда. Егер шынымен солай болса, неге біз қысқарғаннан кейін жаңа жұмысшыларды, әсіресе шетелдік мамандарды қабылдап жатыр?», – делінген мәлімдемеде.
Қызметкерлер Актөбе қаласының әкімдігі, облыстық еңбек инспекциясы және прокуратурадан жағдайдың қаншалықты заңды екенін тексеруді талап етіп отыр.
Олар зауыт басшылығынан қысқартудың себептерін ашық жариялауды сұрайды. Сондай-ақ, ресейлік жұмысшылардың еңбекке тартылуының заңдылығы мен олардың жалақы мөлшеріне қатысты нақты түсініктеме беруді талап етуде.
«Біз прогресске қарсы емеспіз, бірақ дискриминацияға қарсымыз. Заң бойынша шетелдік мамандарды тартудың нақты тәртібі бар. Облыстағы ең ірі кәсіпорында жергілікті мамандарға басымдық берілуі тиіс», – дейді зауыт жұмысшылары.
Айта кетелік, бұған дейін атышулы Burger king-та осындай дауға ұрынған еді. Компания ресейлік релоканттарды қаптатып жұмысқа алуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

