Президент Тоқаев Ақордада катарлық Power International Holding (PIH) компаниясының басшылары Муатаз Әл-Хаят және Рамез Әл-Хаятпен кездесті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесуде энергетика және телекоммуникация саласындағы бірлескен инвестициялық жобалардың болашағы талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Катар арасындағы ірі газ жобалары елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда негізгі орын алатынын атап өтті. Бұл жобалар газ өңдеу, тасымалдау және электр энергиясын өндіру бағыттарын қамтиды.
Кездесу барысында Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаят президентті PIH-тың Қазақстандағы телекоммуникация нарығындағы жоспарларымен таныстырды. Компания Mobile Telecom Service (Tele2) операторын сатып алу арқылы Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуді көздеп отыр.
Президент аталған келісім телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғыртуға, қызмет сапасын арттыруға және халыққа қолжетімділікті кеңейтуге ықпал етеді деп сенім білдірді.
Кездесу соңында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетіп, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін растады.
Контекст
Айта кетсек, былтыр «Қазақтелеком» Mobile Telecom Service (Tele2 және Altel брендтері) компаниясын PIH холдингіне толығымен сатқан болатын. Алғашында «Қазақтелеком» аталған операторларды 255 млрд теңгеге сатып алған еді. Былтыр тамыз айында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да PIH өкілдерімен кездесіп, холдинг қаладағы демалыс, ойын-сауық, цифрлық технологиялар және бөлшек сауда салаларына инвестиция құюға қызығушылық білдірген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

