Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылдың алғашқы екі айындағы салық түсімдері туралы есеп берді. Қаңтар-ақпан айында жиналған қаражат көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,4%-ға, ал жоспарланған сомадан 13,7%-ға жоғарылаған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жылдың алғашқы екі айында қазынаға 2,98 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 677,5 млрд теңгеге көп. Айта кетерлігі, өсімге биылғы жаңа Салық кодексінде көрсетілген жоғары мөлшерлемелер (ҚҚС-ның 12%-дан 16%-ға, сондай-ақ банктер мен казино үшін КТС-тің 20%-дан 25%-ға өсуі) әлі әсер ете қойған жоқ.
Комитеттің түсіндіруінше, бизнес былтырғы төртінші тоқсан үшін салықты 25 ақпанда ескі мөлшерлемемен төлеген. Сондықтан қаңтар-ақпандағы деректер республикалық бюджеттің қазіргі жай-күйін айқын көрсетеді.
Бюджеттің негізгі кіріс көзі саналатын корпоративтік табыс салығы (КТС) мен қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша да оң динамика байқалған.
КТС бойынша былтырғымен салыстырғанда 16,9%-ға (118 млрд теңге), ал ҚҚС бойынша 38,8%-ға (428,6 млрд теңге) көбірек қаржы жиналды.
ҚҚС түсімі былтырғы көрсеткішті ғана емес, комитеттің жоспарлаған сомасын да асыра орындады: жоспарланған 1,28 млрд теңгенің орнына нақты 1,53 млрд теңге (19,8%-ға артық) түсті.
Ақпан айындағы жақсы көрсеткіш қаңтарда орын алған ҚҚС тапшылығын толық жауып, бюджет көрсеткішін жақсартқан. Бұған дейін Қаржымин қаңтарда ҚҚС бойынша жоспарланған түсім 19,8%-ға (249,9 млрд теңге) кем түскенін хабарлаған еді. Ал КТС бойынша қаңтарда жоспардан 4,2%-ға асып (барлығы 436,4 млрд теңге) және салықтан тыс төлемдердің арқасында (жоспардан 2,5%-ға артық) бюджетке түскен жалпы қаржы көлемі жоспардан 10,6%-ға асып, 941,8 млрд теңгені құраған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







