Қазақстанның Уашиңтонда құрылған Бейбітшілік кеңесіне қосылуы миллиардтаған шығынды талап етпейді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жетібаевтың айтуынша, Қазақстанның жаңа халықаралық ұйымға мүше болуы елдің ұлттық мүддесіне сай және сыртқы саясатындағы көпжақты әріптестік пен халықаралық тұрақтылықты қолдау бағытына толық сәйкес келеді.
Қаржыландыру мәселесіне жеке тоқталған өкіл, Қазақстан Кеңес құрамына қандай да бір міндетті қаржылық жарнасыз кіргенін атап өтті.
«Қаржылық мәселеге қатысты Қазақстан бұл ұйымға ешқандай міндетті жарнасыз кірді. Жарғыда көрсетілген 1 миллиард доллар көлеміндегі ерікті жарна мүше болудың шарты емес. Бұл әр қатысушының жеке еркіне берілген мәселе. БАҚ-та жиі талқыланған әскери контингент жіберу туралы да ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз. Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық тұрақтандыру күштерін медициналық жасақтармен, далалық госпитальдармен, сондай-ақ азаматтық-әскери үйлестіру орталығының бақылаушыларымен қолдауға дайын екенін мәлімдеген болатын», – деді Жетібаев.
Дегенмен…
Ол әскери немесе басқа персоналды жіберуге қатысты кез келген шешім қатаң түрде елдің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылданатынын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан гуманитарлық қолдау ретінде:
- азық-түлік көмегін көрсетуге;
- палестиналық студенттерге 5 жыл ішінде қазақстандық ЖОО-да білім алуға 500 грант бөлуге;
- электронды үкіметті дамыту тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты.
АҚШ президенті Доналд Трамптың қаржылық төлемдер туралы мәлімдемесі қате ақпарат па деген сауалға Жетібаев: «Біз өзге мемлекет басшыларының пікірлеріне комментарий бермейміз, тек Қазақстанның ресми ұстанымын жеткіземіз», – деп жауап қайырды.
Айта кетелік, бұған дейін Тоқаев пен Трамптың арасындағы диалогтың тосын деталі желіге тарап кеткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







