Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжандағы әріптесі Жейхун Байрамовпен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Иранның Нахчыванға жасаған дрон шабуылын талқылады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әзербайжан тарапы Иранның бүгін Нахчыван автономиялық республикасына жасаған шабуылынан мәлімет берді. Бейбіт тұрғындардың зардап шегіп, азаматтық инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келгенін жеткізді.
Жейхун Байрамов әлгі әрекет Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғу болып табылатынын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Баку ресми Теғраннан болған оқиғаға байланысты шұғыл түрде ресми түсініктеме беруді, кешірім сұрауды және мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу үшін жедел шара қабылдауды талап етіп отырғанын айтты.
Еліміздің сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев өз кезегінде жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ахуалдың одан әрі шиеленісуіне жол бермеу қажет екенін мәлімдеді. Астана мәселенің бейбіт әрі дипломатиялық жолмен шешілетініне үміт білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







