Арықтаймын және ағзамыздағы холестерин деңгейін төмендетемін деген мақсатпен біз көбіне тамақ рационымыздан майдың барлық түрін алып тастауға тырысамыз. Ал егер қандай да бір май түрін қалдыратын болсақ, көп жағдайда танымал диетологтар жиі мақтайтын зәйтүн майын таңдаймыз, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алайда күнделікті тұтынатын тағамдарымыздың қатарында тағы бір аса пайдалы май бар екенін естен шығарып жатамыз. Әңгіме – кәдімгі сары май туралы.
Сары майдың тәуліктік мөлшері – 25 граммнан аспауы тиіс
Сары майдың пайдасын сезіну үшін оның тәуліктік тұтыну мөлшерін қатаң сақтау қажет. Жалпы майдың мөлшері адам тұтынатын тағамның жалпы калориясының 10 пайызынан аспауы тиіс.
– Сары майдың калориясы өте жоғары, сондықтан оны сақтықпен пайдаланған дұрыс, – дейді диетолог маман Балжан Мекебайқызы. – Дені сау адам үшін күніне 10-25 грамм сары май жеткілікті. Ал жүрек-қан тамыры аурулары, қант диабеті және артық салмақ мәселесі бар адамдар бұл мөлшерді кем дегенде екі есеге қысқартқаны дұрыс.
Сары майдың ағзаға тигізер пайдасы қандай?
Бұл өнімнің ерекшелігі – оның құрамындағы Омега-3 және Омега-6 май қышқылдары, аминқышқылдары, сондай-ақ А, В, С, D, Е және К дәрумендері ағзаға аса қажет. Олар адам үшін энергия көзі болумен қатар, теріге нәр беріп, шаш пен тырнақты нығайтады, ағзаның қартаю процесін баяулатады.
– Сары май құрамындағы қанықпаған майлар қан тамырларының тонусын сақтауға көмектеседі, – дейді дәрігер-диетолог Балжан Мекебайқызы. – Сонымен қатар, өнім құрамындағы лаурин қышқылы ағзаны түрлі микробтар мен саңырауқұлақ инфекцияларынан қорғауға септігін тигізеді.
Көп адам холестерин деңгейін жоғарылататындықтан сары майды тұтынудан қорқады. Дегенмен, оны қалыпты мөлшерде тұтынған жағдайда, тіпті «зиянды» холестериннің де ағзаға берер пайдасы бар.
– Холестерин жасуша мембранасының құрылымына кіреді, ас қорыту процестеріне қатысады және гормондар өндіруге қажет, – деп түсіндіреді Балжан Мекебайқызы. – Бір қызығы, сары майдан толық бас тарту керісінше холестерин мөлшерінің артуына әкелуі мүмкін.
Бұған себеп біздің ағзамыз холестеринді тек тағамнан ғана емес, өздігінен де өндіре алады. Тәулігіне шамамен 2 грамм холестерин организмде синтезделеді. Егер қосымша холестерин көзі болмай қалса, ағза оны бұрынғыдан көбірек өндіруге мәжбүр болады. Ал бұл холестерин деңгейінің кенеттен жоғарылауына әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан жүрек-қан тамырлары және семіздік мәселелері жоқ адамдар аз мөлшерде болса да холестерин бар өнімдерді міндетті түрде тұтынуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







