Жаңа Конституция жобасында адамға бағдарланған мемлекет моделі айқындалып, білім мен цифрландыру ерекше мәртебеге ие болып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сенат жанындағы талдау мектебінің түлегі, Astana IT University профессоры, PhD Әлия Қанатованың айтуынша, Конституция жобасында цифрлық құқықтар тұңғыш рет нақты көрсетілген.
«Мен мәтінді кәсіби көзқараспен қарап шықтым. Бұл тек құқықтық құжат емес, білім, ғылым және цифрландыру саласындағы мамандар үшін болашақтың стратегиялық бағдарын айқындайтын негізгі құжат», – деді сарапшы.
Әлия Қанатова Конституция жобасындағы цифрлық құқықтардың ерекше мәніне тоқталып, деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік пен заңсыз мәлімет жинауға қойылған шектеулердің маңызын атап өтті.
«Бүгінде өміріміздің көп бөлігі цифрлық кеңістікте өтіп жатыр. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік – адамның жеке бас бостандығының бір бөлігі, оны конституциялық деңгейде бекіту – мемлекеттің осы жауапкершілікті толық мойындағанының айғағы», – деді ол.
Сонымен бірге…
Сарапшы білім, ғылым мен инновацияға басымдық берілуін Конституция жобасының маңызды артықшылығы ретінде бағалады.
«Білім, ғылым және интеллектуалдық әлеует ел дамуының басты тірегі ретінде бекітілді. XXI ғасырда мемлекет байлығы – адам капиталы. Осы нормалар ғалымдар мен зерттеушілерге еркін шығармашылық пен жаңа технологияларды енгізуге құқықтық негіз болады», – деп атап өтті Қанатова.
Конституция жобасындағы тағы бір маңызды бағыт – әлеуметтік-гуманистік бағдар. Сарапшы әйелдер мен балалар құқығын қорғау, отбасы институтын нығайту мен тең мүмкіндіктер қағидатын қоғамның тұрақты дамуының негізгі шарты деп санайды.
«Бұл өзгерістер тек теорияда қалып қоймауы керек. Конституция – жалпы бағытты айқындайтын құжат, ал сол бағытты жүзеге асыру бізге байланысты. Мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар мен жастар осы жауапкершілікті терең сезінуі қажет», – деді сарапшы өз сөзінде.
Әлия Қанатованың пікірінше, жаңа Конституция «болашақ Конституциясы» ретінде ортақ жауапкершілік пен ортақ мақсатты айқындап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







