Депутат Мұрат Әбенов такси қызметіндегі жол апаттары үшін жауапкершілікті тек жүргізушілерге арта салмай, осы міндетті «Яндекс» пен таксопарктердің де мойнына жүктеу қажет деп мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәжілісменнің пікірінше, бүгінгі қалыптасқан жүйе қарапайым азаматтарды құқығы жоқ жұмысшыдай пайдалануға жол ашып отыр.
«Соңғы жылдардағы бақылауым көрсеткендей, «Яндекс» қазақстандықтарды құл сияқты көріп, еңбегін шектен тыс пайдаланып отыр. Әлемнің кез келген елінде жұмысшыны тәулігіне сегіз сағаттан артық еңбекке жегуге рұқсат жоқ. Мемлекет азаматтардың құқықтарын қорғауға міндетті. Мен жол апатында тек жүргізушінің ғана кінәлі саналатын тәжірибеге түбегейлі қарсымын», – деді депутат.
Әбеновтің сөзінше, қызметінен пайда тауып отырған компаниялар қауіпсіздік мәселелеріне келгенде жауапкершіліктен сырт қалып отыр.
«Таксопарктер табысын пайыздап алып жатыр, «Яндекс» үлкен табысқа кенелуде. Сонда неге олар техникалық ақауы бар көліктерді жолға шығарады? Неге денсаулығында кінәраты бар жүргізушілер жұмысқа шығады? Неге жүргізушілер сегіз сағаттың орнына он екі сағат бойы көлік тізгінінде отырады? Барлық кінәні тек жүргізушіге жабу дұрыс емес. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, мұндай жағдайда барлық сақтандыру шығынын «Яндекс» сияқты жалдаушы компания өз мойнына алуы тиіс», – деді Мұрат Әбенов.
Айта кетелік, бұған дейін депутат Ата заңның нұсқасындағы тіл туралы бапқа қатысты пікір білдірген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







