Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформа тек саяси жүйені жаңартумен шектелмей, елдің ұзақ мерзімді дамуындағы негізгі ресурс ретінде адам капиталына ерекше көңіл бөледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Diplomatic World Institute жобаларының директоры Альберто Туркстра «Қазақстанның жаңа конституциялық моделі: орнықты әрі заманауи мемлекет жолында» атты халықаралық сараптамалық дөңгелек үстелде осындай пікір білдірді. Аталған шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Maqsut Narikbayev University (MNU) ұйымдастырды.
Халықаралық сарапшының айтуынша, ұсынылған конституциялық реформа – мемлекеттік басқару мен құқық жүйесін кешенді түрде жаңартуды көздеген бастама. Жоба елдегі экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерді толық қамтып, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне жол ашады.
«Реформаның мақсаты екі бағытта айқын көрінеді: бір жағынан, мемлекеттің тиімділігін арттыру болса, екінші жағынан, конституциялық жүйеде азаматтардың орталық рөлін күшейту», – деді Туркстра.
Сарапшының пікірінше, әлеуметтік мемлекет концепциясының Конституцияда нақты бекітілуі – адам дамуын мемлекеттік саясаттың басты мақсаты ретінде белгілейді. Осылайша, ел дамуының экономикалық өсімге негізделген моделінен азаматтардың әл-ауқаты мен қабілеттеріне басымдық беретін жаңа стратегиялық кезеңге өту қарастырылған.
Туркстра Қазақстанның жаңа Конституциясы адам өмірі, оның құқықтары мен еркіндігін мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде бекітетінін ерекше атап өтті. Сарапшы осы арқылы мемлекеттік саясаттың адамды бірінші орынға қоятын бағыты қалыптасатынын айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







