Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы қатардағы жұмысшылардың құқығын қорғау және халықтың несиеге батуы жөнінде өткір пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, елде көп жылдар бойы бизнесті қолдауға басымдық беріліп, қарапайым қызметкерлердің құқығы шетте қалған. Соның салдарынан 3 миллионнан астам азамат өзін-өзі жұмыспен қамтушы болып жүріп, кейін кәсіпкерлердің мәжбүрлеуімен жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүр болған.
«Бизнеске жағдай жасалды, тексеріс болмады, несиелері кешірілді, ақыры қарапайым жұмысшылар зардап шекті. Кәсіпкерлер жұмысшыларды еңбек келісімшартының орнына азаматтық-құқықтық келісіммен жалдауды әдетке айналдырды. Осы арқылы олар қызметкерлердің зейнетақы, медициналық сақтандыру, еңбек демалысы шығындарын үнемдеп отыр. Тіпті мектептер мен балабақшаларда мұғалімдер мен тәрбиешілерді жаз мезгілінде жұмыстан шығарып, күзде қайта қабылдау тәжірибесі белең алған», – деді Әбенов.
Мәжілісмен сондай-ақ бизнес өкілдерінің тіпті еден жуушыларды да жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге итермелеп отырғанына наразы. Мұндай тәжірибе, депутаттың пікірінше, мемлекеттік қорғаудан айырып, жұмысшыларды жалған кәсіпкерлік серіктестерге айналдырады.
Мұрат Әбенов жаңа Конституция осы келеңсіздіктерге тосқауыл болуы тиіс деп санайды. Өйткені енді негізгі заңда әр қызметкердің құқығы еңбек келісімшартының бар-жоғына қарамай қорғалатыны, ал түнгі және артық сағаттағы жұмыс үшін екі еселенген төлем қарастырылатыны жазылған.
Банктер ше?
Депутат көтерген тағы бір мәселе банктердің агрессивті несие саясаты. Әбеновтің дерегінше, бүгінгі таңда елдегі 1,5 миллион адамның есепшоты қарыз кесірінен бұғатталған. Соның ішінде 900 мың азамат шетелге шыға алмайды, банктегі шотынан ақша ала алмайды, дәрі-дәрмек сатып ала алмайды және жұмысқа орналасуы қиындап отыр. Әсіресе, нотариустардың азаматты қатыстырмай-ақ, оның қарызын сотсыз өндіріп алуына мүмкіндік беретін заң нормасы жұртшылықтың наразылығын туғызған.
«Әлемнің ешбір елінде мұндай тәжірибе жоқ. Нотариус адамның қатысуынсыз, оның қарыз екені жөнінде шешім шығарып тастайды. Артынша жеке сот орындаушылары есепшоттарды жауып, азаматтардың құқықтары жаппай тапталып жатыр. Сондықтан біз еңбек заңнамасына жалақының белгілі бір бөлігін қолма-қол беру құқығын енгізуді ұсындық», – деді депутат.
Мұрат Әбенов Конституцияның жаңа редакциясы бизнесті қоғам алдында жауапкершілікке шақыратынын, банктердің заңсыз әрекеттеріне қарсы сотқа жүгінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол әріптестерінен нотариат туралы заңнан даулы 92.1-бапты алып тастау ұсынысын қолдауға шақырып, азаматтардың өз құқығын сотта қорғау мүмкіндігін қайтару керектігін айтты. Депутат бизнестің пайдасын қарапайым халықтың мүддесінен жоғары қоятын заманның артта қалғанын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







