Қазақстанда былтыр қазан айында енгізілген коммуналдық қызметтер тарифін көтеруге қатысты мораторий 1 сәуірден бастап күшін жояды. Осыған байланысты алдағы айларда жарық, жылу және су бағасының қаншалықты өсетіні көпшіліктің басты уайымына айналды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Экономистердің пікірінше, қазақстандықтарды орташа алғанда 5-10 пайыздық тариф өсімі күтіп тұр. Дегенмен тарифтер 1 сәуірден бастап бірден әрі барлық жерде көтерілмейді.
Экономист Бауржан Ысқақовтың айтуынша, билік тарифтердің күрт қымбаттамайтынына сендіріп отыр. Коммуналдық қызметтердің бағасы негізінен инфляция деңгейіне байланысты реттелетіндіктен, тарифтер 9-12 пайыз шамасында өзгеруі мүмкін. Мысалы, Алматыда жылу мен жарықтың тарифі шамамен 5-10 пайызға өседі.
«Бұл жерде ескеретін жайт тарифтер автоматты түрде қымбаттамайды. Әрбір жеткізуші компания өз есебін ұсынады, ал соңғы шешімді мемлекет бекітеді. Баға 1 сәуірден бастап біртіндеп әрі үкіметтің қатаң бақылауымен көтеріледі», – деп түсіндірді экономист.
Бауржан Ысқақов ҚҚС-тың жуырдағы 16 пайызға көтерілуі коммуналдық қызмет бағасын қазірдің өзінде 3-4 пайызға қымбаттатқанын атап өтті. Бұған қоса Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер инфляцияны күшейтіп, бензин мен азық-түлік бағасына да қысым жасап отыр. Бұл жағдайлар монополистердің шығынын арттырып, тарифтің өсуіне әсер етеді.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтердің қажеттілікке қарай ғана қайта қаралатынын, әрбір өтініш жеке тәртіпте зерделенетінін мәлімдеді.
Коммуналдық төлемнің түбіртегіндегі соңғы соманы мына факторлар анықтайды
- Отын, газ бен электр қуатының қымбаттауы;
- Инженерлік желілердің тозуы және оларды жаңартуға жұмсалатын шығын;
- Қызметкерлер жалақысының өсуі;
- Салық мөлшерлемесінің өзгеруі мен материалдар бағасының көтерілуі.
Негізгі ереже бойынша тарифтің өсімі Ұлттық банк белгілеген 9-12 пайыздық инфляциялық дәлізден аспауы тиіс. Алайда бұған дейін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Тимур Қосымбаев 2026 жылы тарифтердің 20-30 пайызға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтқан болатын. Бұл орташа есеппен бір бөлмелі пәтер тұрғындары үшін қосымша 3-5 мың теңге, екі бөлмелі пәтер үшін 5-7 мың теңге артық шығынға әкеледі.
Алайда…
Үкіметте үрейге бой алдырмауға шақырып отыр. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елде 224 коммуналдық кәсіпорын жұмыс істейді, олардың әрқайсысының желілерінің тозуы мен қаржылық жағдайы әртүрлі.
«Үкімет 1 сәуірден бастап коммуналдық қызметтердің барлық түріне бірден тариф көтермейді. Баға тек шынымен қажет аймақтарда ғана өзгереді. Апта ішінде жауапты мемлекеттік органдар қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, сондықтан бұл мәселе назарымызда», – деді Қанат Бозымбаев.
Дегенмен, Үкіметтің тарифтерді көтеру бағытын ұстануы – тозған инфрақұрылымды құтқару үшін жасалып отырған мәжбүрлі қадам. Мұны Премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін ашық мәлімдеген еді.
«Егер қыста үйіміз жылы болып, суымыз тоқтаусыз ағып, жарық өшпеуін қаласақ, жылу және кәріз жүйелері қалыпты жұмыс істесін десек – тарифтерді көтеруге мәжбүрміз», – деп түйіндеді Үкімет басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







