Қазақстан Ұлттық банкі валюталық реттеу және бақылау ережелеріне ауқымды өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер 2026 жылдың 19 сәуірінен бастап күшіне енеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа ережелердің ішіндегі ең маңыздысы елдің ішкі валюта нарығында қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу тәртібіне қатысты. Бұдан былай Қазақстанның ішкі валюта нарығында қолма-қол емес шетел валютасын 50 мың АҚШ долларынан асатын сомаға сатып алғысы келетіндер валютаны қандай мақсатқа жұмсайтынын растап, ол қаражаттың нақты пайдаланылуын дәлелдеуі тиіс. Бұл норма бұған дейінгі жалпы ережелерден бөлек, Ұлттық банктің арнайы қаулысымен бекітілген.
Сонымен қатар 2018 жылғы 29 қарашадағы №294 қаулы бойынша, ішкі валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс көздерін мониторингілеу ережелеріне де бірқатар нақтылаулар енгізілді. Атап айтқанда, активтерді шетел валютасында есептеу үшін валюта бағамын белгілеуге қатысты сілтемелер айқындалды.
Сондай-ақ банктер клиенттерінің валюталық операциялары 3-INV есебіне енгізілуі мүмкін екендігі нақтыланды. Заңнамаға сәйкес, «Қазпошта» АҚ атауы «Ұлттық пошта операторы» болып өзгертілді.
Валюталық операцияларды жүзеге асыру ережелері де біршама толықтырылды. Енді валюталық операциялардың тәртібі төлемдер мен аударымдарды ғана емес, басқа да қаржылық әрекеттерді қамтиды. Сондай-ақ экономикалық тұрғыда негізсіз деп саналатын операциялар қаржылық мониторингке жатады. Бұған қоса, валюталық операцияларға есептік нөмір беру тәртібі де нақтыланып, заң талаптарына сай өзгертілді.
Валюталық операцияларға мониторинг жүргізу ережелері де жаңа редакцияда ұсынылды. Өзгерістер халықаралық қаржы ұйымдарында ашылған шоттарды бақылауды, сондай-ақ шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының есеп беру тәртібін нақтылауды қамтиды. Бұдан бөлек, резидент-заңды тұлғалардың қызметкерлері үшін бейрезидент-эмитенттердің бағалы қағаздарына қатысты опциондық бағдарламалар бойынша есептік нөмір беру талабы алынып тасталды.
Сонымен қатар банк есептілігі оңтайландырылды. Банктер үшін есептердің ПР-7 және 11-ОБ нысандары біріктіріліп, бірыңғай жаңа 11-ОБ формасы бекітілді.
Бұл өзгертулер валюталық реттеу және мониторинг бойынша қолданыстағы ережелердің 50 пайызынан астамын қамтығандықтан, аталған құжаттар заң талаптарына сай толығымен жаңа редакцияда әзірленді.
Ұлттық қорға мұнай-газ компанияларынан наурыз айында түскен қаражат көлемі 83 млрд теңгені немесе 175,6 млн долларды құрады. Бұл қор құрылған 2001 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







