Өңірлерде сәулет пен құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау функциялары бір қолда шоғырланып, жемқорлық пен салғырттықтың көзіне айналып отыр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
AMANAT партиясының Мәжілістегі депутаттары осындай өткір мәлімдемемен Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
Мәселенің өзегі мынада…
Құрылысқа тапсырыс беретін әкімдіктің бір басқармасы, жобаны мақұлдап, архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды беретін сол әкімдіктің екінші басқармасы, ал құрылыс сапасы мен заңдылығын қадағалайтын ГАСК, әкімдікке бағынышты тағы бір құрылым.
Осы «үшбұрыштың» ішіндегі былыққа сырт көздің әділ араласуы мүмкін емес. Соның кесірінен қала құрылысы жоспарларын елемейтін, бастапқыда-ақ заңсыз салынған ғимараттар көбейіп кеткен. Әкімдер ауысқан кезде жаңа билік сол заңсыздықтарды анықтап, кәсіпкерлердің миллиардтаған инвестициясын қиратумен әлек.
«Бір мекеме өзі рұқсат береді, өзі мақұлдайды, өзі бақылайды. Әрине, мұндай жағдайда заңсыз шешімдерге көз жұмып қарауға мәжбүр болады. Нәтижесінде, бастапқы кезеңде тоқтатылуы тиіс жобалар іске асып кетеді. Кейін жаңа әкім келген соң ол ғимараттардың заңсыз екені анықталып, сот шешімімен сүріледі. Кәсіпкерлер мен инвесторлар үлкен шығынға ұшырайды», – дейді депутаттар.
Лицензия беру жүйесіндегі ахуал одан да сорақы. Қаржылық мониторинг агенттігі елде құрылыс лицензиясын алған 400-ден астам компанияда техника, база мен мамандардың мүлде жоқтығын әшкерелеген. Он жылдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында дәл осы себептен мыңдаған лицензия жойылса да, жағдай түзелмеген.
Бұдан бөлек
Депутаттар мемлекеттік сатып алу жүйесі де мәселені тереңдетіп отырғанын айтады. Бүгінгі ережелерде лицензиясы бар кез келген компания тендерге қатыса алады. Бірақ оның нақты мүмкіндігін тексеру талап етілмейді. Осындай заңсыздықтың кесірінен миллиардтаған қаржыны игеруге базасы жоқ фирмалар қол жеткізіп, ақыры жұмысты қосалқы мердігерге беріп, салық төлеуден жалтаратын көлеңкелі экономика қалыптасуда. Сапа төмендеп, бюджет шығыны артуда.
AMANAT фракциясы мәселені шешу үшін ГАСК-ті әкімдік ықпалынан шығарып, тәуелсіз тексеріс жасай алатын орталық мемлекеттік органға бағындыруды ұсынды. Сондай-ақ лицензиясы бар компаниялардың техникалық және кадрлық мүмкіндігін нақты тексеру, мемлекеттік сатып алу ережелеріне лицензиядан бөлек қосымша талап енгізу қажет екенін талап етті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







