Отбасы банк пен Азия даму банкі 90 млрд теңге көлемінде қарыз беру туралы келісімге қол қойды. Аталған қаражат тұрғын үй несиелерін рәсімдеуге бағытталады. Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам қарыз беру жоспарланып отыр. Осы қаржы есебінен көпшілікке жақсы таныс әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы мен жаңа «Жасыл ипотека» бағдарламасы іске қосылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір екі ипотеканың нақты қашан басталатыны мен сыйақы мөлшерлемесі ресми жарияланған жоқ. Отбасы банк бұл ақпаратты қосымша хабарлайтынын мәлімдеген. Алдын ала болжам бойынша, бағдарламалар биылғы жылдың екінші жартысында іске қосылуы мүмкін. Бұған дейін осындай өнімдер бойынша мөлшерлеме жылдық 14–15 пайыздан басталып, кейін төлем кезеңіне қарай төмендейтін. Қазіргі жолы да осыған ұқсас схема сақталуы ықтимал.
«Ұмай» ипотекасы тек жұмыс істейтін әйелдерге арналған. Жаңарған талап бойынша енді тек әйелдің жеке табысы емес, бүкіл отбасының жиынтық кірісі есепке алынады. Ол айына 1 млн 250 мың теңгеден аспауы керек. Бұрын бұл бағдарламада әйелдің өз табысына ғана шектеу қойылған еді. Осы тұрғыдан алғанда талап кеңейіп, есептеу тәсілі өзгеріп отыр.
«Ұмай» бойынша ең жоғары несие сомасы 50 млн теңгені құрайды. Қарыз мерзімі 25 жылға дейін беріледі. Бағдарлама аясында бастапқы нарықтан дайын пәтер де, кепілдігі бар салынып жатқан тұрғын үй де сатып алуға болады. Сонымен қатар сақтандыру тетігі бар құрылыс нысандары да қарастырылады. Екінші нарықтан да баспана алуға рұқсат етіледі, бірақ үй 2016 жылдан ерте салынбауы керек.
Алматы мен Астана қалаларында банк пәтер құнының 80 пайызына дейін береді. Қалған 20 пайызын сатып алушы бастапқы жарна ретінде өзі төлеуі тиіс. Басқа өңірлерде банк қаржыландыру көлемін 85 пайызға дейін жеткізеді. Мұндай жағдайда қарыз алушының өз қалтасынан төлейтін үлесі 15 пайыз болады.
Бағдарламадағы маңызды талаптың бірі, сатып алынатын баспана әйелдің атына рәсімделуі керек. Егер ол некеде болса, мүлік ортақ меншік ретінде тіркеледі. Қажет болған жағдайда қоса қарыз алушы тартуға да мүмкіндік бар.
«Ұмай» тек үй сатып алумен шектелмейді. Бағдарлама арқылы қатысушы тұрып жатқан баспанасын жөндеуге де несие ала алады. Бұл жағдайда ең жоғары сома 15 млн теңге болады. Банктегі депозитке салынатын бастапқы жарна 0 пайыздан 50 пайызға дейін белгіленеді. Қарыз мерзімі мұнда да 25 жылға дейін созылады.
«Жасыл ипотека» энергия тиімді үй алғысы келетіндерге жаңа мүмкіндік
Екінші бағыт, «Жасыл ипотека», барлық қазақстандықтарға арналған. Мұнда да ең жоғары сома 50 млн теңге. Отбасының жиынтық табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы тиіс. Қарыз мерзімі 25 жылға дейін беріледі. Банк баспана құнының 80 пайызына дейін қаржыландырады, ал қалған 20 пайызын қарыз алушы бастапқы жарна ретінде өзі аударады.
«Жасыл ипотека» аясында дайын бастапқы тұрғын үйді де, кепілдігі бар салынып жатқан үйді де, тіпті екінші нарықтағы пәтерді де сатып алуға болады. Бірақ мұнда негізгі ерекшелік бар. Үй міндетті түрде жасыл құрылыс стандартына сай келуі тиіс. Яғни оның OMIR сертификаты болуы керек. Сертификаттың күміс, алтын немесе платина деңгейі есепке алынады. Осы талап бағдарламаның атауына да, мазмұнына да сай келіп тұр. Мемлекет пен банк мұнда жай баспана беруді емес, энергия тиімділігі жоғары, заманауи стандартқа сай тұрғын үйге басымдық беріп отыр.
«Жасыл ипотека» бойынша да жөндеу жұмыстарына несие қарастырылған. Ең жоғары сома 15 млн теңге, депозиттегі бастапқы жарна 0–50 пайыз аралығында, мерзімі 25 жылға дейін.
Екі бағдарламаның ортақ артықшылығы да бар. Біріншіден, баспананы Қазақстанның кез келген өңірінен сатып алуға болады, тіркеуге байланған шектеу жоқ. Екіншіден, қатысушының атында үй болмауы керек деген талап қойылмайды. Яғни бұл тек алғашқы баспанаға арналған өнім емес. Қажет болса, екінші немесе үшінші пәтер алуға да мүмкіндік беріледі.
Дегенмен бағдарламаға қатысамын деген адамға қойылатын қаржылық талаптар жеңіл емес. Ең алдымен ресми табыс болуы тиіс. Сонымен қатар кемінде соңғы алты айда зейнетақы аударымдары жасалып тұруы керек. Банк қарыз алушының төлем қабілетін жан-жақты бағалайды. Мұнда отбасының жиынтық табысы, жұмыс істейтін адамдар саны, балалар мен асырауындағы жандар, қолдағы несиелердің бәрі есепке алынады.
Контекст
Сондықтан мамандар мұндай ипотекаға дайындалатын азаматтарға қазірден бастап қаржылық тәртіпті реттеуге кеңес береді. Әсіресе тауарлық несие мен тұтынушылық қарыз көп болса, оны мүмкіндігінше азайтқан дұрыс. Себебі банк үшін тек табыс көлемі емес, қарыз жүктемесі де шешуші фактор.
Жалпы алғанда, «Ұмай» мен «Жасыл ипотека» тұрғын үй алуға ниетті азаматтарға жаңа мүмкіндік ашқалы тұр. Бірі жұмыс істейтін әйелдерге бағытталса, екіншісі экологиялық стандартқа сай салынған үйлерді алуға арналған. Енді көпшілік нақты іске қосылатын күн мен түпкілікті мөлшерлемені күтіп отыр. Егер шарттар ресми жарияланғаннан кейін де осы қалпын сақтаса, аталған екі өнім биылғы ипотекалық нарықтағы ең сұранысты бағдарламалардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Үйде не сейфте ұзақ жылдан бері сақталған қолма-қол ақша кейін салық мәселесіне айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







