Арман Дәулетяров балаларымен бірге Шотландияда өткізген студенттік каникул оның көңіліне ерекше ой салғанын айтып, ата-ана мен есейген ұрпақ арасындағы байланыс туралы толғанысын бөлісті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, бұл сапарда ең маңыздысы барған жердің көркі емес, балаларымен бірге өткізген уақыт болған. Қазір үлкен ұлдары Ясин 20 жаста, Аят 18-ге толған. Екеуі де университет студенттері, әртүрлі елде оқиды. Соған қарамастан, бәрінің басы қосылып, бірге уақыт өткізуге мүмкіндік туған.
Арман Дәулетяровтың айтуынша, балалары қазір мүлде есейіп кеткен. Сол өзгерісті ол енді бұрынғыдай тек әкелік ақыл айтатын кезең ретінде қабылдамайтынын жасырмапты. Оның сөзінше, қазір балаларымен қарым-қатынас мүлде басқа арнаға ауысқан. Бұрын өзі үйретіп, өзі бағыт көрсететін болса, енді олармен еркін сөйлеседі, пікір алмасатын болған. Тіпті кей жағдайда балаларынан кеңес сұрай бастағанын да айтқан.
Ол үшін ең қымбат нәрсенің бірі – балаларының өзіне деген қарым-қатынасы. Оның ойынша, қамқорлық, көңіл бөлу, қарапайым ілтипат секілді ұсақ көрінетін дүниелердің өзі адамның қандай болып өсіп келе жатқанын аңғартады. Дәулетяров осы белгілерге қарап, балаларының азамат ретінде қалыптасып келе жатқанын ерекше сезінгенін жеткізген.
Арман Дәулетяровтың айтуынша, көп ата-ана бала есейген соң оған бұрынғыдай назар қажет емес деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде жағдай керісінше. Бала өскен сайын ата-ананың қолдауы азаймайды, тек сипаты өзгереді. Мұндай кезеңде балаға қысым емес, құрмет керек. Бақылау емес, сенім керек. Ұрыс пен нұсқаудан гөрі ашық әңгіме әлдеқайда маңызды бола түседі.
Контекст
Ол «өсті – демек өзі біледі» деген ұстаныммен келіспейтінін жазған. Оның ойынша, бала ер жетсе де, ата-ананың жанында болуы қажет. Тек сол жақындық бұрынғыдай емес, жаңаша түрде жалғасуға тиіс. Яғни ата-ана енді бұйыратын емес, түсінетін, тыңдайтын, сөйлесетін адамға айналуы керек.
Дәулетяров өз жазбасында ата-ана бақытының бір өлшемі – баланың есейсе де жат болып кетпей, жақын болып қалуында екенін айтқан. Оның сөзінше, бес баласының екеуі қазір осындай жасқа жеткен. Солармен арадағы бүгінгі байланыс оны ерекше қуантады.
Жазба соңында ол ата-аналарды баламен байланысты ешқашан үзбеуге шақырды. Оның айтуынша, бала қай жаста болса да, оған көңіл, жылу, жақындық қажет. Уақыт өте сол ықылас өзіңе олардың махаббаты, құрметі және қарым-қатынасы болып қайта оралады.
Қазақ киносының аңыз туындысы «Қыз Жібек» фильміндегі сахналық киім төңірегіндегі дау қайта өршіді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







