Қазақ киносының аңыз туындысы «Қыз Жібек» фильміндегі сахналық киім төңірегіндегі дау қайта өршіді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Баян Алагөзова раритет бұйымды «қоқыстан құтқарып қалдым» деген мазмұндағы бірнеше видео жариялағаннан кейін журналист Гүлбану Әбенова оған өткір жауап қатты. Ол жәдігердің жеке қолға қалай өткеніне де, оны «есептен шығарылған зат» ретінде көрсетуге де күмән білдірді.
Гүлбану Әбенова әңгімені төтесінен бастады. Оның пайымынша, «миллиардердің әйелі» деген мәртебе де, салық төлеп отырғаны да ұлттық мәдени құндылықты иемденуге негіз бола алмайды. Журналист салық төлеу мемлекеттің алдында жасалған жақсылық емес, заң алдындағы міндет екенін ашық айтты.
Ол «олигарх» ұғымының астарында тек байлық емес, билікпен байланыс арқылы жүретін ықпал да жататынын еске салды. Алагөзованың мәдениетке сіңірген еңбегі туралы айтылған уәждерге қатысты Әбенова өз бағасын да жасырмады.
«Бизнесі ірі, ықпалы да кім арқылы келгенін өздері жақсы біледі. Салық төлейді екен ол елге жасаған жақсылығы емес, заң талабы. Ал атақ пен орденнің қалай, кім арқылы алынғанын да жұрт біледі. Өнердің ол жерде қатысы шамалы. Продюсер түсірген фильмдер менің субъектив пікірім бойынша әлсіз дүниелер. Халық үшін емес, өзі үшін жасалған, бірақ халықтың ақшасымен түсірілген», — деді Гүлбану Әбенова.
Алагөзованың уәжі қандай?
Баян Алагөзованың негізгі уәжінің бірі «Қазақфильмде» костюмдер ешкімге керек болмағаны, тіпті лақтырылып жатқан затты алып қалғаны жайлы әңгіме.

Осы тұста Әбенова Мұхтар Әуезов атындағы театрдың костюмерлік қорын алға тартты. Оның сөзінше, нағыз өнер ордасында тарихи киімге мүлік ретінде емес, аманат ретінде қарайды.
«Ол жерде костюмерлер 30–40 жылдап жұмыс істейді. Хабиба Елебекова мен Хәдиша Бөкееваның көйлегін мәдени құндылық деп сақтайды. Ешкімнің ойына ондай киімді тастап жіберу келмейді. Жас актрисалар сол көйлекті үлкен толқыныспен киеді. Сол жерде сабақтастық бар, тарихқа құрмет бар. Ал “сатып алдым, енді менікі” деген логикамен жүрген адам соны түсіне ме? Күмәнім бар», — деді журналист.
Әбенованың тағы бір өткір сауалы құжатқа қатысты. Оның айтуынша, егер «Қыз Жібектің» кеудешесі отыз жылдан кейін де жұтынып тұрса, жүніне күйе түспесе, матасы оңбаса, ондай затты қандай негізбен жарамсыз деп есептен шығарған? Осы сұраққа ол Мәдениет министрлігі назар аударуы тиіс деп санайды.
«Есептен шығару актісі қайда? Бухгалтерлік құжат қайда? Мұндай дүниені жай ғана қоқысқа тастай салды дегенге сену қиын. Мәдениет министрлігі әлгі “қасиетті әйелге” осы сұрақтарды қоюы керек. Жібектің кеудешесі ұлттық киноның символы. Оның жеке адамның қолында қанша ақшаға өткені маңызды емес. Ондай дүние музейде, әйнектің ар жағында тұруы керек. Оны халық көруі тиіс, жеке гардеробтағы қонақ емес», — деді Әбенова.
Тағы бір түйткіл…
Журналист тағы бір жайтқа назар аударған екен. Оның байқауынша, продюсердің үстіндегі қамзол мен фильмде Меруерт Өтекешева киген нұсқаның арасында көзге түсетін айырма бар. Мұндай белгі әңгіме түпнұсқа емес, көшірме жайында болуы мүмкін деген күдікке жол ашады.
Соған қарамастан, Әбенованың негізгі наразылығы басқа тұста жатыр. Оның ойынша, ұлттық бейнені жеке даңғаза мен контент құралына айналдырудың өзі орынсыз. Яғни мәселе тек түпнұсқа ма, көшірме ме деген дау емес, тарихи символдың қандай ортада, қандай қалыпта көрсетіліп жатқанында.
Сөз соңында журналист Алагөзоваға «маған бәрі қызғанышпен қарайды» деген сарыннан арылып, ел тарихына құрметпен қарауға кеңес берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







