Шығыс Қазақстан облысында ірі компания директоры мен оның бауырына аса ірі көлемдегі алаяқтық және дәлелдерді қолдан жасау бойынша айып тағылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Басылым мәліметінше, редакцияның қолына айыптау актісі түскен. Іс материалдарында оннан астам жәбірленуші бар екені, ал келтірілген жалпы шығын көлемі 114 млн теңге деп бағаланғаны көрсетілген. Екеуіне де Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 416-бабы 5-бөлігі бойынша айып тағылған.
Тергеу нұсқасына сай, бұрын сотталған Шығыс Қазақстан тұрғыны 2022 жылғы маусымда көпқабатты тұрғын үй салу сылтауымен заңсыз пайда табу жоспарын жасаған. Осы схемаға ол Өскемендегі жер телімі бар, шырын мен сыра өндіретін ірі компанияның директоры болып істейтін туған қарындасын тартқан.
Айыптау тарабының дерегінше, күдікті заңды көрініс қалыптастыру үшін кәсіпкерлердің бірімен жобаны бірлесіп іске асыру жөнінде келісім жасаған. Тергеу мұндағы шынайы мақсат сенімге кіру және алдау арқылы ақша иемдену болған деп санайды. Ер адам өзін құрылыс саласында табысты кәсіпкер ретінде таныстырған. Келісім бойынша кәсіпкер әйел үлескерлер тартып, пәтер сатуы керек болған, ал ол құрылыс жұмыстарын жүргізуге тиіс еді. Кейін жоба үшін әділет органдарында «Шанырақ Ел» атты ЖШС тіркеліп, жарғылық капитал теңдей бөлінген.
Жалған актілердің ізімен
Бұдан кейін айыпталушылар кәсіпкер әйелге жер телімін 20 млн теңгеге сатып алуды ұсынған. Олар көпқабатты үй салуға қажетті құжаттардың бәрі дайын екенін және инженерлік желілерге қосылуға мүмкіндік барын айтқан. Алайда тергеу дерегі бойынша, ол коммуникациялар көпқабатты үйге емес, жеке тұрғын үйге арналған болып шыққан.
Содан соң кәсіпкер әйел өз компаниясы атынан инвестиция тартып, үлескерлермен броньдау келісімдерін жасай бастаған. Үш қабатты тұрғын үй құрылысы ресми түрде басталғанымен, мердігер ретінде айыпталушы әйел басқаратын компания жүрген. Тергеу мәліметіне қарағанда, жобаның негізгі шығыны, соның ішінде жобалау, геология, көлік және жалақы секілді шығындар кәсіпкер әйелдің фирмасы есебінен жабылған.
Нысанды бір жыл ішінде тапсыруға уәде берілген. Бірақ 2023 жылдың басында үлескерлер құрылыс алаңындағы жұмыс іс жүзінде тоқтап қалғанын байқап, қаржысын қайтаруды талап ете бастаған. Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушылар ақшаны қайтарудан да, жобаны аяқтаудан да бас тартқан.
Кейін кәсіпкер әйел үлескерлердің бір бөлігіне өз қаражаты есебінен ақша қайтарған. Одан соң 98,8 млн теңге көлеміндегі қарыз бен шарттық өсімақыны өндіріп алу туралы талап арыз берген. Алайда бірінші сатыдағы сот бұл талапты қанағаттандырмаған, апелляциялық алқа да сол шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Осыдан кейін оның арызы негізінде дәлелдерді қолдан жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу дерегінше, айыпталушылар азаматтық іс аясында артқы күнмен рәсімделген құжаттарды, орындалған жұмыс актілерін және келісімшарттарды сотқа ұсынған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

