Қазақстанда ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қызметі туралы ақпаратқа қолжетімділік кеңейтіледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаевтың депутаттық сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа бастамаға сәйкес, болашақта бірыңғай цифрлық платформа құрылып, онда компаниялардың бюджетке төленетін салықтары, табыстары мен келісімшарттары туралы толық ақпарат жарияланбақ.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екенін еске сала отырып, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ашықтығы жеткіліксіз деп сынаған болатын.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың айтуынша, қазіргі уақытта компаниялар қаржылық есептерін «Қаржылық есептер депозитарийінде» жариялайды, дегенмен жаңа цифрлық жүйе арқылы халық пен Парламентке толық әрі ашық ақпарат берілетін болады.
Дегенмен, жаңа компанияларды тек акционерлік қоғам түрінде жұмыс істеуге міндеттеу туралы депутаттың ұсынысын Үкімет қолдаған жоқ. Премьер-министрдің айтуынша, мұндай шектеулер кәсіпкерлік еркіндігі қағидатына қайшы келіп, инвестицияларды тартуға кедергі келтіруі мүмкін.
Үкімет саладағы ашықтықты арттыруға бағытталған жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді.
Қазақстанда шетелдіктер үшін ықтиярхат алудың талаптары күшейтілді: енді тіпті әкімшілік айыппұлдардың өзі рұқсат бермеуге негіз болуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







