Қазақстанда базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталып тұрған шақта депозит ең тартымды қаржы құралының біріне айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақшаны тәуекелі аз, табысы алдын ала көрінетін арнаға салғысы келетіндер үшін банктер ұсынатын қысқа мерзімді икемді салымдар алдыңғы қатарға шықты.
Қазір әңгіме жай ғана ақша сақтау жайында емес. Халық депозитті табыс әкелетін, қажет кезде еркін пайдалануға болатын нақты қаржы тетігі ретінде қарай бастады. Әсіресе үш айлық, үстінен толықтыруға және ішінара шешіп алуға болатын салымдарға қызығушылық күшейіп отыр.
Нарықта қанша банк осындай өнім ұсынып отыр
2026 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстандағы 23 екінші деңгейлі банктің 18-і жеке тұлғаларға толықтыруға және ішінара шешіп алуға болатын бөлшек депозит ұсынады.
Ал нақты үш айлық икемді салым алты қаржы институтында бар. Олар: ForteBank, Alatau City Bank, Altyn Bank, KZI Bank, Bank RBK және Қазақстандағы Қытай Банкі.
Иә таңдау бар, бірақ бәрінің шарты бірдей емес. Негізгі айырма табыстылықта, ең төменгі бастапқы сомада және рәсімдеу ыңғайында жатыр.
Қай банк жоғары мөлшерлеме ұсынып отыр
Үш айлық икемді депозит сегментінде ең жоғары жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін ForteBank ұсынып отыр. Банктің «Шешіп алуға болатын депозиті» бойынша мөлшерлеме 15 пайызға жетеді. Ең төменгі бастапқы жарна 1 мың теңге. Депозитті үш айға ғана емес, алты және он үш айға да ашуға болады. Рәсімдеу мобильді қосымша арқылы бірнеше минуттың ішінде іске асады.
Екінші орынға Alatau City Bank шыққан. Мұнда үш айлық икемді салымның жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14,7 пайызды құрайды. Ашуға қажет ең төменгі сома да 1 мың теңгеден басталады.
Үшінші орында Altyn Bank. Оның мөлшерлемесі 13,9 пайыз, ал депозит ашу үшін кемінде 10 мың теңге қажет.
Жалпы алғанда, осы сегменттегі орташа жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 12,3 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Неге халық қайтадан депозитке бет бұрды
Ресми статистика да халықтың депозитке қайта ден қойғанын көрсетіп отыр. 2026 жылғы 1 наурыздағы есеп бойынша, Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың салымы 28 трлн теңгеден асты. Бір жыл ішіндегі өсім — 17,4 пайыз.
Соңғы бес жылдық динамика тіпті айқынырақ көрінеді. Халық депозиті жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіп отырған. Мұндай қарқын депозиттің елдегі негізгі жинақ құралы ретіндегі орнын әлсіретпегенін, керісінше күшейткенін аңғартады.
Икемді депозиттің артықшылығы неде
Үш айлық икемді салымның тартымдылығы тек пайызда емес. Мұнда екі маңызды артықшылық бар: ақшаны үстінен толықтыра аласыз және керек кезде бір бөлігін шешіп ала аласыз. Оның үстіне бастапқы кіру шегі көп банкте өте төмен.
Осындай шарт қазіргі экономикалық ортада көп адамға қолайлы. Бір жағынан, қаржы бос жатпайды. Екінші жағынан, оны ұзақ мерзімге байлап тастау міндеті жоқ.
Сол себепті қысқа мерзімді икемді депозит қазір сақтық пен табыс арасындағы ымыралы шешімге айналып отыр. Сарапшы Айбар Олжай осы тарапта былай дейді:
«Қазақстанда жоғары базалық мөлшерлеме кезеңі депозитке жаңа тыныс берді. Әсіресе үш айлық икемді салымдар халық үшін ыңғайлы, түсінікті және салыстырмалы түрде қауіпсіз құрал ретінде алға шықты. Табыс әкелетін пайыз, төмен кіру шегі және қажет кезде ақшаның бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі дәл қазір осы өнімнің басты күші».
Айтқандай, осы аптадан бастап Қазақстанда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін, яғни ГЭСВ-ті есептеу тәртібі өзгерді. Банктер енді кредиттің шын бағасын ашық көрсетуге міндетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







