19 сәуірден бастап Қазақстанда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін, яғни ГЭСВ-ті есептеу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған жаңа қаулы банк өнімдерінің шынайы құнын бұрынғыдан әлдеқайда ашық көрсетуге бағытталған. Енді қарыздың нақты бағасын ұсақ әріпке тығып қою қиындайды, ал депозит табыстылығы да ортақ өлшеммен көрсетілуге тиіс.
Бәріне ортақ ереже енгізілді
2026 жылғы 3 сәуірде қабылданған №44 қаулы екінші деңгейлі банктерге, ислам банктерінен өзге қаржы ұйымдарына, шетел банктерінің филиалдарына және жекелеген банктік операция жүргізетін ұйымдарға міндетті тәртіп орнатты.
Жаңа талаптың өзегі бірізділік. Яғни әр банк ГЭСВ-ті өз ыңғайына қарай құбылтып емес, бірыңғай формуламен есептеуге тиіс. Мұның нәтижесінде клиент әртүрлі банктің ұсынысын салыстырғанда атаудағы емес, шын мәніндегі айырманы көре алады.
ГЭСВ қай жерде көрсетілуі керек
Жаңа тәртіп бойынша ГЭСВ көзге түспейтін бұрышта емес, кәдімгі номинал мөлшерлемемен бірдей форматта және бірдей көрнекілікпен берілуі керек.
Банктер енді оны:
- несие және депозит шарттарында;
- жарнамалық материалдарда;
- ресми сайттарында;
- мобильді қосымшаларында көрсетуге міндетті.
Яғни клиент қосымшаға кірсе де, жарнаманы көрсе де, шартқа қол қойса да, қарыздың не салымның шынайы құнын бірден байқауға тиіс.
Нақты құнды есептегенде не ескеріледі
ГЭСВ енді тек номинал пайызбен шектелмейді. Есепке клиент көтеретін барлық ілеспе шығын кіреді.
Олардың қатарында:
- өтінімді қарау комиссиясы;
- қарыз беру төлемі;
- қызмет көрсетуге байланысты алымдар;
- несие алумен тікелей байланысты өзге де төлемдер бар.
Ал кредит желісіне қатысты бір ерекшелік енгізілді. Егер мөлшерлеме құбылмалы болса, есеп клиент үшін ең ауыр, яғни ең шығыны көп сценарий бойынша жасалады. Басқаша айтқанда, банк ең әдемі емес, ең сақ болжаммен көрсетуге міндеттеледі.
Айыппұл, өсімпұл және шартты бұзғаны үшін салынатын өзге санкциялар ГЭСВ құрамына кірмейді. Себебі олар жоспарлы шығын емес.
Банктерге қандай жаңа міндет жүктелді
Жаңа ереже тек мөлшерлемені жариялаумен шектелмейді. Банктерге қосымша ашықтық талабы қойылды.
- Біріншіден, сайттарында жеке тұлғаға арналған ГЭСВ калькуляторы болуы керек. Клиент өз есебін өзі тексере алуы тиіс.
- Екіншіден, шарттың кез келген талабы өзгерсе, ГЭСВ қайта есептелуге міндетті.
- Үшіншіден, клиент талап етсе, банк ГЭСВ-тің егжей-тегжейлі есебін беруге тиіс.
- Төртіншіден, мөлшерлемені дөңгелектеу тәртібі де қатаң белгіленді. Енді ол пайыздың жүзден бір үлесіне дейін нақты көрсетіледі.
Қарапайым клиент үшін мәні неде
Жаңа тәртіптің негізгі пайдасы қарыз бен салым өнімдерінің шын бағасын жасыру кеңістігін тарылтуында. Бұған дейін жарнамада бір пайыз айтылып, шарт ішінде қосымша комиссия мен алым көбейіп кететін жағдай жиі сынға ұшырайтын. Енді мұндай тәсілге орын азырақ қалмақ.
Клиент үшін ең маңыздысы көзге көрінетін мөлшерлеме мен шын төленетін құнның арасы жақындайды. Демек, адам қарыз аларда өз жүктемесін дәлірек бағалай алады, ал депозит таңдағанда банк ұсынған табыстың қаншалық тартымды екенін нақтырақ көреді.
Нарыққа қандай белгі берілді
Қаржы реттеушісі осылайша банк секторына анық белгі беріп отыр: жарнамадағы жылтыр сөз емес, өнімнің нақты құны шешуші болуы керек. Мұндай қадам қаржы сауатын күшейтіп қана қоймай, банктер арасындағы бәсекені де әділірек арнаға бұруы ықтимал.
Қысқасы, 19 сәуірден кейін қазақстандық үшін банктегі өнімді түсіну жеңілдеуі керек. Несие арзандап кетпейді, депозит бірден тиімді бола салмайды. Бірақ бір маңызды нәрсе өзгереді: қарыздың да, салымның да шын бағасы бұрынғыдан анық көрінетін кезең басталады.
Айтқандай, қазақстандықтар жинақ ақшасын неге Forte мен Freedom-ға апаруда? Толығырақ осы тұстан оқыңыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







