Қазақстанда автомобиль өндірісі қарқынды өсуде. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елде 45 260 автокөлік пен техника шығарылған, бұл былтырғы көрсеткіштен 36,8%-ға жоғары, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Әсіресе наурыз айында автокөлік өндірісі күрт жанданып, 17 462 бірлікке жетті, бұл өткен жылдың наурызымен салыстырғанда 42,8%-ға көп, ақпан айымен салыстырғанда өсім 20%-ды құрады.
Қазақстанның Автокөлік Одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, автомобиль өндірісі көлемінің артуы бүкіл машина жасау саласының дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Жылдың алғашқы үш айындағы жалпы өндіріс көлемі 563,9 млрд теңгеге жетіп, автокөлік өнеркәсібінің машина жасау саласындағы үлесі 43,1%-ға өскен.
«Қазақстандық автопром қарқынды дамуын жалғастыруда. Әсіресе, автокомпоненттер өндірісінің көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Үш ай ішінде автомобиль бөлшектері мен қосалқы бөлшектер өндірісінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 4 есеге артып, 259,8 млрд теңгені құрады», – дейді Анар Мақашева.
Елдегі автомобиль өндірісінің негізгі үлесін жеңіл автокөліктер құрап отыр. Үш айда барлығы 42 115 жеңіл көлік шығарылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,9%-ға артық.
Жүк көліктерінің өндірісі 16,7%-ға өсіп, 1 380 бірлікке жеткен, автобустар саны 750 бірлікті (+73,2%), тіркемелер мен жартылай тіркемелер 904 бірлікті (+21%) құрады. Арнайы техникалар өндірісі аздап төмендеген.
Қазақстандық автозауыттардың арасында өндіріс көлемі бойынша Костанайдағы Allur зауыты көш бастап тұр (14 234 автомобиль). Одан кейінгі орындарда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (12 778) және Hyundai Trans Kazakhstan (10 755) орналасқан. Сонымен қатар, Kia Qazaqstan, QazTehna және СемАЗ зауыттары да нарықтағы маңызды ойыншылар қатарында.
Өндірілген автокөліктер арасында Hyundai (10 725 бірлік), Chevrolet (8 341 бірлік) және Kia (5 084 бірлік) маркалары көш бастап тұр. Сондай-ақ үздік ондықта Changan, Haval, Chery, Jetour, Geely Galaxy, JAC және Tank брендтері де бар.
Сарапшылардың пікірінше, отандық автокөлік өндірісінің осылайша қарқынды дамуы көлік бағасының тұрақтануына және автомобильдердің халыққа қолжетімді болуына оң әсер етеді.
Алматы қаласында тұрғындардан ескі көліктерді сатып алу жобасы басталмақ. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен экология мәселелері жөніндегі кеңесте әкім Дархан Сатыбалды мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







