Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы Түркістан облысында жемісті жүзеге асуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
2019-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 136,5 млрд теңге көлеміндегі қаржыға 1 570 жоба іске асырылды. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруді мақсат тұтқан бұл жобалар әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Жоба аясында 2 421,3 шақырым ауылішілік жол жөнделді, 38 елді мекенге газ тартылды, 6 ауылдың су жүйелері жаңғыртылды, 49 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ жылу жүйелері қайта жаңартылды.
Әлеуметтік нысандар құрылысына да ерекше мән берілді. Жеті жыл ішінде 25 мәдениет үйі бой көтеріп, тағы 16-сы күрделі жөндеуден өтті. 22 спорт кешені салынып, 1 стадион қайта жөндеуден өткізілді. Білім саласына қатысты 65 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, 13 мектепке қосымша ғимараттар салынды. Денсаулық сақтау саласында 13 фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, 8 денсаулық сақтау нысаны жаңартылды.
Нәтижесінде 373 елді мекендегі миллионнан астам тұрғынның тұрмыс сапасы жақсарып, ауыл тұрғындары үшін жайлы жағдай жасалды. Осы жұмыстардың арқасында 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Жобаның басты мақсаты – ауылды аймақтарды көркейту, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, жастардың ауылда қалуына ықпал ету, жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау. Түркістан облысында атқарылған жұмыстар осы мақсаттардың сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Түркістан облысында инвестициялық жобалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды. Биыл өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен 5 инвестициялық штаб отырысы өтіп, жауапты мекемелерге 31 хаттамалық тапсырма берілген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







